Қазақстанда онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеу бойынша негізгі көрсеткіштер жақсарған
Онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында 5 жылдық өмір сүру көрсеткіші 16%-ға артқан. Сәулелік терапиямен қамту 13%-ға көбейіп, ал қатерлі ісікті ерте анықтау 4%-ға өскен. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Астанадағы Көпсалалы медициналық орталыққа барған кезде айтты, деп хабарлайды otpannews.kz.
Министр орталықтың негізгі бөлімшелерінің жұмысымен, онкологиялық ауруларды диагностикалау және емдеуде заманауи технологияларды енгізумен, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіндегі цифрлық шешімдермен танысты.
Министрге сәулелік терапия жүргізуге қолданылатын КТ-симулятордың мүмкіндіктері, сау тіндерді барынша сақтай отырып жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия жасауға мүмкіндік беретін TrueBeam аппараты, сондай-ақ медициналық кескіндерді талдау және дәрігерлік шешім қабылдауды қолдау үшін қолданылатын Cerebra жасанды интеллект жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе, соның ішінде, ми қан айналымының жедел бұзылыстарын диагностикалауға көмектеседі.
Сондай-ақ сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтаудың тиімділігін арттыру үшін диагностикалық жабдықтары жаңартылған маммологиялық орталықтың жұмысына ерекше назар аударылды. Жоба пациенттерді тексеру мен емдеу мерзімдерін қысқартуға да арналған.
Ведомство басшысы диагностикалық және емдік эндоскопиялық араласулардың кең спектрі жасалатын эндоскопиялық орталықты да аралады. Өткен жылы бөлімшеде эндоскопиялық жабдықтар жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілген. Бұл пациенттер үшін заманауи жағдай жасауға және аз инвазивті емдеу әдістерінің мүмкіндігін кеңейтуге мүмкіндік берді.
2025 жылдың қараша айында Қазақстанда Астанадағы жаңа онкоорталық базасында Протондық терапия орталығы ашылды. Қазіргі таңда онда 38 пациент ем алып жатыр. Сонымен қатар Қызылорда мен Ақтау қалаларында екі жаңа ПЭТ/КТ орталығы іске қосылды (ел бойынша барлығы 16 орталық), онда 280 зерттеу жүргізілген.
Барлық өңірлерде сараптамалық эндоскопиялық орталықтар ашылып, өткен жылы онда 15 мыңнан астам зерттеу жасалды, ал емдік манипуляциялар саны 4,5 мыңға артты.
Сапар қорытындысы бойынша министр жоғары технологиялық инфрақұрылымды дамыту, цифрлық шешімдерді енгізу және жасанды интеллект технологияларын қолдану онкологиялық ауруларды ғана емес, жалпы медициналық көмектің сапасын арттыруға, диагностика мен емдеудің тиімділігін күшейтуге, сондай-ақ елдегі онкологиялық көмек жүйесін халықаралық заманауи стандарттарға сай нығайтуға мүмкіндік беретінін атап өтті.