Ақтауда мектеп оқушыларына әскери қызметтің артықшылықтары түсіндірілді
Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Маңғыстау облысына жұмыс сапарымен келіп, жастар арасында әскери қызметті насихаттау мақсатында кездесулер өткізді. Бірінші кездесу Ақтау қаласындағы №19 Төлеген Айбергенов атындағы мектеп-лицейі мен IT-лицейде өтті, деп хабарлайды otpannews.kz.
Министрлік өкілдері оқушыларға әскери қызметтің артықшылықтары, әскери оқу орындарына түсу тәртібі, болашақ офицерлерге берілетін әлеуметтік кепілдіктер мен жеңілдіктер туралы айтты.
Департаменттің тәрбие және идеологиялық жұмыс аға офицері, полковник Дәулет Бейсеков, кездесудің басты мақсаты – жастардың әскери мамандыққа қызығушылығын ояту және патриоттық құндылықтарды қалыптастыру екенін айтты.
-Бүгінгі жас ұрпақ – еліміздің болашақ қорғаушылары. Біз оларға әскери қызмет ерекшеліктерін түсіндіріп, саналы таңдау жасауға көмектескіміз келеді, - деді Дәулет Бейсеков.
10 сынып оқушысы Ахмет Қарасу өз әсерін бөлісті.
-Менің ағам Қонаев қаласында қызмет атқаруда. Оған қарап, мен де әскери ұшқыш болуды мақсат еттім. Бүгін мен әскери оқу орнына түсу жолдарын білдім, – деді оқушы.