Президент: "Азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаса, еліміздің тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасады"
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының III республикалық форумында азаматтарымыз Конституция жобасын қолдаған жағдайда Қазақстанда жаңа, анағұрлым тиімді, яғни, еліміздің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына жол ашатын саяси жүйе қалыптасатынын айтты, деп хабарлайды otpannews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
"Конституциялық Сот төрағасы мен судьяларының, Жоғары Сот төрағасының және Бас прокурордың өкілеттілік мерзімін шектейтін ережелер Конституция жобасындағы жаңашылдық болды. Негізгі заң жобасына сәйкес, бір адам аталған қызметтерге бір реттен артық тағайындалмайды. Мемлекеттегі жоғары лауазымды тұлғаларының өкілеттігін бір мерзіммен шектеу – бұрын-соңды болмаған саяси жаңашылдық. Сонымен қатар, Құрылтайдың Конституциялық Сот пен Жоғарғы Сот судьяларын қол сұғылмау кепілдігінен айыру, Премьер-министрді тағайындауға келісім беру құзыреті сақталады. Осылайша, тежемелік және тепе-теңдік жүйесі нығайып, оның тиімділігі арта түседі. Енді бір палаталы Парламентте Президент квотасы болмайды. Оны сақтауға да болар еді. Конституциялық реформа жөнінде келіп түскен ұсыныстардың қатарында осы квотаны күшінде қалдыру туралы да көп айтылды. Бірақ депутаттар ешқандай артықшылықсыз бірыңғай ереже бойынша сайлануға тиіс деп санаймын. Президенттің жақын туыстарының мемлекеттік саяси қызметші лауазымын атқаруына, тіпті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшысы болуына тыйым салатын норма айрықша мәнге ие. Бұл ереже биліктегі отбасылық жүйеге және оның бір қолға шоғырлануына тосқауыл қояды. Кейбір ықпалды адамдар, басқаша айтқанда «сұр кардиналдар» немесе «саясат сахнасының сыртындағы ойыншылар» мемлекеттік институттарды алмастырмауы керек. Бұл тәжірибе түбегейлі жойылды", - деді Приезидент.
Форумда мемлекет басшысы еліміздің жаңа кезеңге қадам басқанын айтты.
"Біз бір ел болып жаңа кезеңге қадам бастық. Мемлекеттік мекемелер жекелеген басшылардың қалауына қарай емес, Конституцияға және тиісті заңға сәйкес жұмыс істейді. Саяси жаңғырудың мән-маңызы да – осында. Мемлекеттік биліктің табиғи, яғни эволюциялық жолмен дамуы мызғымас сипатқа ие болды. Бұл маңызды жұмысты тоқтату, тіпті, өткенді кері қайтару да мүмкін емес. Себебі халық ондайға жол бермейді. Мен бұған кәміл сенемін. Бүгінде мемлекеттік құрылымның жаңа үлгісі ұсынылып отыр. Соған сәйкес биліктің барлық тармағы шешім қабылдаған кезде бірдей тәуелсіз болады. Ал Президент олардың кедергісіз, үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.Еліміздің басты өкілді органы – Құрылтайдың құзыреті кеңейе түседі. Бір палаталы Парламент тиімді заң шығару қызметін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Әлемдік тәртіп пен ішкі реформалар түбегейлі өзгеріп жатқан кезеңде заманауи сын-қатерлерге дер кезінде төтеп беру бәсекеге қабілетті мемлекеттің басты сипатына айналды. Сондықтан бұл шешімнің маңызы зор",- деді Президент.
17
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев