Маңғыстауда «Каспий» су тұщыту зауыты мекемесінің еңбек ұжымы референдумда дауыс береді
Маңғыстауда жаңа Конституцияның негіздерін түсіндіру мақсатында «Каспий» су тұщыту зауытының ұжымымен кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жиынға Конституциялық комиссия мүшелері Маңғыстау облыстық мәслихат төрағасы Жаңбырбай Матаев мен облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бекмұрат Жүсіпов қатысты.
Кездесу барысында жаңа Конституциядағы өзгерістер, адам құқықтары мен бостандықтарына қатысты мәселелер кеңінен талқыланды. Негізгі қағидаттың бірі – «Мемлекет – адам үшін» принципі екені атап өтілді. Сондай-ақ тіл мәселесі, неке институты, бір палаталы парламент пен Халық кеңесінің құрылуы, олардың заң қабылдаудағы рөлі жан-жақты түсіндірілді. Жаңа құжатта цифрландыру жағдайында адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған 21-бапқа ерекше назар аударылды. Аталған бапта әр адамның жеке өміріне қол сұқпау, жеке және отбасы құпиясын сақтау құқығына заңмен кепілдік берілетіні нақты көрсетілген.
Сондай-ақ, жиында Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес Референдум 15 наурызда өтетіні, әр азамат референдумға қатысып, дауыс беруге құқылы екені аталып өтті.
«Каспий» су тұщыту зауыты ЖШС директоры Серік Гусман референдумның маңыздылығына тоқталып, еңбек ұжымының белсенді қатысатынын атап өтті.
-15 наурыз Конституциялық референдум күні болып бекітілді. Соған байланысты республикалық деңгейде Мемлекеттік ұлттық комиссия құрылды. Осы жұмыстар аясында бүгін де ұлттық комиссия мүшелері халықпен кездесіп, мазмұнды әрі маңызды шара өтті. Кездесу барысында жаңа Конституцияға енгізілетін өзгерістердің мәні мен маңызы түсіндіріліп, қандай мәселелер қарастырылғаны жан-жақты айтылды. Әрине, бұл – өте маңызды саяси әрі әлеуметтік өзгерістер. Бұл өзгерістер еліміздің, оның ішінде халқымыздың болашақ өміріне тікелей әсер ететін маңызды қадам екені сөзсіз. Сондықтан мұндай өзгерістер қоғамның барлық деңгейінде талқылануы қажет. Кіші ұжымдардан бастап, мемлекеттік деңгейге дейін әртүрлі форматта түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі кездесу барысында еңбек ұжымының қызметкерлері өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жұмысшылар бұл мәселенің маңыздылығын түсіне отырып, өз қолдауларын жеткізді. 15 наурызда барлығымыз саяси науқанға белсенді қатысамыз, - деді Серік Гусман.