Маңғыстаулық жас зерттеушілер республикалық байқаудан жүлдемен оралды
Маңғыстаулық жас зерттеушілер Ақмола облысы, Щучинск қаласында өткен 2-7 сынып оқушылары арасындағы ХХІ республикалық «Зерде» конкурсында жоғары нәтиже көрсетті. Олар қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды otpannews.kz сайты Қоғамдық коммуникация орталығына сілтеме жасап.
Білім бәйгесінде өңірден 20 жас зерттеуші қатысып, 1 оқушы І орын, 5 оқушы ІІ орын, 12 оқушы ІІІ орын иеленді. Сонымен қатар 2 оқушы ерекше жетістігі үшін грамотамен марапатталды. Байқауда Қарақия, Мұнайлы, Түпқараған аудандары мен Ақтау және Жаңаөзен қалаларындағы білім беру ұйымдарының оқушылары орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, ағылшын тілі, тарих, өлкетану, этномәдениеттану, технология және өнер секцияларында өз жобаларын сәтті қорғады.
Айта кетейік, «Зерде» конкурсының екі бағыты бойынша қорытынды нәтижеге сәйкес, облысымыздан қатысқан 35 оқушының 100 пайызы жүлделі орындарға ие болды. Қорытынды көрсеткіш бойынша 2 оқушы – І орын, 12 оқушы – ІІ орын, 15 оқушы – ІІІ орын иеленсе, 6 оқушы ерекше жетістігі үшін грамотамен марапатталды.