Кітап оқитын ұлт – кемел келешектің кепілі
Қазіргі жаһандану дәуірінде кез келген мемлекеттің басты бәсекелестік артықшылығы – оның зияткерлік әлеуеті мен адами капиталы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2026 жылғы 16 мамырдағы №1279 «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы еліміздің рухани-мәдени дамуына тың серпін берген тарихи құжат болды.
Президент бастамасының мақсаты – кітап оқуды бір реттік науқанға айналдыру емес, оны әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына, тұрақты дағдысына сіңіру. Себебі кітап – білімнің ғана емес, сыни ойлаудың, терең пайым мен рухани кемелденудің қайнар көзі. Осындай игі мақсатты көздеген республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафоны 2026 жылдың қыркүйегінен 2027 жылдың сәуіріне дейін еліміздің барлық өңірін қамтып, қазақ және орыс тілдерінде кең көлемде өтуде.
Мектеп оқушылары мен студенттерден бастап педагогтер, мемлекеттік қызметшілер мен тұтас әулеттерді біріктіретін «Кітап оқитын мектеп», «Кітап оқитын колледж», «Кітап оқитын университет», «Кітап оқитын педагог», «Кітап оқитын әлеует», «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» және «Кітап оқитын зияткер» (Parasat) бағыттары қоғамның барлық буынын ортақ құндылық төңірегіне топтастырып отыр.
«Біз үшін бұл жалпыұлттық бастама – жас ұрпақтың санасына сәуле құятын маңызды рухани жоба. Сондықтан Маңғыстау облысының білім беру қауымдастығы да ерекше серпінмен қосылды. Бүгінде өңірімізде меншік нысанына қарамастан 758 білім беру ұйымы жұмыс жасайды. Атап айтқанда, 482 балабақша, 159 мемлекеттік және жекеменшік мектеп, 1 кешкі мектеп, 22 арнайы және 13 қосымша білім беру ұйымы, сондай-ақ 25 колледж. Осы білім ордаларында 20 мыңнан астам педагог жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде. Осындай ауқымды әлеуетке сүйене отырып, 2 қыркүйектен бастап облысымызда кітап оқу мәдениетін ілгерілетуге бағытталған жүйелі жұмыстарды қолға алдық», – дейді Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы Амантай Кумбаев.
Білім беру ұйымдарында тек кітап оқумен шектелмей, оқырмандық ортаны қалыптастырудың түрлі заманауи тетіктері іске қосылды. Ақын-жазушылармен тағылымды жүздесулер, әдеби кештер, оқырман конференциялары, зияткерлік сайыстар мен кітап көрмелері дәстүрлі сипат алды. Сонымен қатар жастардың қызығушылығын ояту мақсатында кітап оқу челлендждері, оқылған шығармаларды еркін талқылау алаңдары мен сүйікті кейіпкерлерді насихаттау шаралары белсенді жүргізілуде.
Атқарылған жұмыстардың нақты нәтижесі де көңіл қуантады. Бүгінгі таңда «Кітап оқитын ұлт» марафонына облыстан жалпы саны 44 771 адам тіркеліп үлгерді. Оның ішінде «Оқитын мектеп» - 21 403, «Оқитын педагог» - 9 521, «Оқитын колледж» - 4 749 бағыттары бойынша барлығы 35 673 қатысушы белсенділік танытуда. Ең бастысы – бұл жай ғана тіркелу емес, нақты оқу мен ой қорытудың көрсеткіші: 2026 жылғы 16 қарашадағы дерек бойынша аталған үш бағыт қатысушылары жазған кітап пікірлерінің 24 708-і арнайы сараптамадан өтіп, мақұлданды. Бұл мындаған оқушы мен ұстаздың кітапты тек оқып қана қоймай, оны талдап, өз ойын жүйелі жеткізе алғанының айқын дәлелі.
«Кітап оқитын зияткер» және «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафондары аясында оқырманға арналған кітаптар тізімі ұсынылған. Тізімге қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармалары, тарихи-танымдық еңбектер, тұлғалық даму, көшбасшылық, психология, цифрлық трансформация және заманауи технологиялар тақырыбындағы кітаптар енгізілген.
Атап айтқанда, ұсынылған әдебиеттер қатарында Дулат Исабековтің «Қарғын», Төлен Әбдіктің «Парасат майданы», Әбіш Кекілбаевтың «Шыңырау», Ілияс Есенберлиннің «Алтын орда», Мұхтар Мағауиннің «Дети одного отца», Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз», Джордж Оруэллдің «1984», Юваль Ной Хараридің «21 урок для XX века», Дэниел Гоулманның «Эмоциональный интеллект» және басқа да құнды еңбектер бар.
Қорыта айтқанда, «Кітап оқитын ұлт» марафоны Маңғыстау өңірінде жай ғана жоба емес, өскелең ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, білім мен парасатты басты құндылыққа айналдыратын үлкен қоғамдық қозғалысқа ұласты. Алдағы уақытта да облыстың білім беру саласы оқырман қатарын көбейтуде шығармашылық байқаулар мен әдеби-мәдени шаралардың мазмұнын байыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра береді.
Маңғыстау облысы білім басқармасының басшысы
Кумбаев Амантай Ясауиұлы