Otpan News Logo

Маңғыстауда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді

|
23.11.2026 19:08
Маңғыстауда жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстары күшейтілді

Маңғыстау облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға қатысты жасалатын құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен семинар-жиналыстар ұйымдастырылып, мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне заңнамадағы өзгерістер түсіндірілді.


Маңғыстау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Айдаровтың айтуынша, кездесулер барысында жастарға Қылмыстық кодекске енгізілген өзгерістер мен заң бұзған жағдайда көзделген жауапкершілік туралы ақпарат берілді.


– Қазіргі таңда «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» қағидасы аясында жасөспірімдер мен колледж студенттері арасында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, адам ұрлау, қыз алып қашу, сондай-ақ білім беру ұйымдарындағы жанжалдар мен төбелес сияқты әрекеттер үшін заңда көзделген жауапкершілік түсіндірілді. Жастар заң талаптарын біліп, кез келген әрекеттің салдары бар екенін түсінуі керек, – деді Серік Айдаров.


Полиция өкілінің сөзінше, мектептер мен колледждерде оқушылар арасындағы келіспеушіліктердің соңы күш қолдануға, төбелеске немесе өзге де заңсыз әрекеттерге ұласуы мүмкін. Мұндай жағдайларда қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілік қарастырылған.


Сондықтан құқық қорғау органдары жастармен кездесулерді тұрақты түрде өткізіп, құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықбұзушылыққа итермелейтін себептерді анықтау бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.


Айта кетейік, облыста жасөспірімдер жасаған және кәмелетке толмағандарға қатысты тіркелген қылмыстардың деңгейі бірқалыпты.

3
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!