Қазақстанда қыз алып қашқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады
Маңғыстау облысында бірқатар құқықбұзушылық үшін жауапкершілік күшейтілуіне байланысты тұрғындар мен жастар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе, бұрын әкімшілік құқықбұзушылық ретінде қарастырылған кейбір әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынына назар аударылуда.
Маңғыстау облысы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Серік Айдаровтың айтуынша, заңнамадағы өзгерістер мектеп оқушылары мен колледж студенттеріне арнайы түсіндіріліп жатыр.
– Бұрын әкімшілік жауапкершілік қарастырылған кейбір әрекеттерге қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіліп, олар Қылмыстық кодекс аясында қарастырылатын болды. Мәселен, адам ұрлау, соның ішінде қыз алып қашу әрекетінің заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілуде. Сондай-ақ мектеп немесе колледж қабырғасында келіспеушілік салдарынан бір-біріне қол көтеру, төбелесу және өзге де заңсыз әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік көзделуі мүмкін, – деді Серік Айдаров.
Оның айтуынша, мұндай кездесулердің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын түсіндіру және құқықбұзушылықтың алдын алу. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты түрде жүргізіледі.
Полиция өкілі Маңғыстау тұрғындары мен өңір қонақтарын заң талаптарын сақтауға шақырды. Себебі заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Әрбір азамат өз әрекетінің құқықтық салдарын түсініп, заң бұзушылыққа жол бермеуі керек.