Үстірт қорығында тұмса табиғатты зерттеу жұмыстары жүргізілді
OTPANNEWS.KZ. - Өткен аптада Үстірт мемлекеттік табиғи қорығы аумағында түз жануарлары дүниесін зерттеу және ғылыми мониторинг жүргізу мақсатында бірлескен ғылыми-зерттеу экспедициясы ұйымдастырылды. Далалық жұмыстар қорықтың биоалуантүрлілігін зерделеу, жануарлардың тіршілік ерекшеліктерін бақылау және олардың табиғи ортадағы жағдайы туралы мәліметтер жинауға бағытталды.
Экспедицияға қорықтың ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің қызметкерлері мен «Биоәртүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы» (BRCC) қоғамдық қорының сарапшылары қатысты. Зерттеу жұмыстарына қорықтың ғылыми қызметкерлері А.Пулатов, С.Тұрмағгамбетов, Н.Жабас, мемлекеттік инспекторлар Н.Қайрат, Д.Атантаев, сондай-ақ BRCC сарапшылары В.Терентьев пен А.Мухашов атсалысты.
Экспедиция барысында қорық аумағында далалық зерттеу және бақылау жұмыстары жүргізіліп, жабайы жануарлардың тіршілігін тіркеуге арналған жаңа фототұзақтар орнатылды. Сонымен қатар, бұрын орналастырылған фототұзақтардағы жинақталған фотоматериалдар мен деректер алынып, ғылыми талдау үшін қажетті ақпараттар жиналды.
Фототұзақтар жабайы жануарларды табиғи мекендеу ортасында мазаламай бақылауға мүмкіндік беретін тиімді ғылыми құрал болып саналады. Олардың көмегімен жануарлардың түрлік құрамы, белсенділік кезеңдері, мінез-құлқы мен таралу ерекшеліктері зерттеледі. Әсіресе, адам көзіне сирек түсетін және жасырын тіршілік ететін жануарлар туралы маңызды мәліметтер жинауда бұл құрылғылардың маңызы зор.
Жиналған деректер қорық аумағындағы жануарлар дүниесінің қазіргі жағдайын бағалауға, биоалуантүрлілік мониторингін жетілдіруге және сирек кездесетін жануарлар түрлерін қорғау бағытындағы ғылыми жұмыстарды жүйелі жүргізуге негіз болады.
Үстірттің табиғи байлығын зерттеу мен сақтау – тұрақты ғылыми бақылауды және бірлескен жұмысты талап ететін маңызды міндет. Осы бағыттағы экспедициялар қорықтың бірегей экожүйесін тереңірек танып-білуге және оның табиғи мұрасын келер ұрпаққа сақтап жеткізуге бағытталған.