Otpan News Logo

Алаяқтар науқастарға ауруханадан хабарласқандай болып, SMS-код сұрайды

Алаяқтар науқастарға ауруханадан хабарласқандай болып, SMS-код сұрайды
ҚР Ішкі істер министрлігі

OTPANNEWS.KZ – Интернет алаяқтар тұрғындарға аурухана қызметкері ретінде хабарласып, дәрігер қабылдауына жазу сылтауымен SMS-код сұрайды. Полиция мұндай қоңыраулардың артында алаяқтар тұруы мүмкін екенін ескертеді.


Маңғыстау облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Айболат Мырзашевтің айтуынша, алаяқтар азаматтарға жоспарлы тексеруден өту керектігін айтып, белгілі бір күнге дәрігер қабылдауына жазылғанын жеткізеді. Содан кейін телефонға келген SMS-кодты айтуды сұрайды.


Біраз уақыттан соң басқа адам хабарласып, өзін банк қызметкері ретінде таныстырады. Ол алғашқы қоңырау алаяқтардан түскенін айтып, тұрғынның есепшотындағы ақшаны қорғау үшін қаражатын «қауіпсіз шотқа» аудару қажет деп сендіреді.


Полиция өкілінің түсіндіруінше, алаяқтар осылайша азаматтың сеніміне кіріп, екінші рет келген кодты айтқызуға тырысады. Кейін осы мәліметтерді пайдаланып, оның атына несие рәсімдеп немесе шотындағы ақшаны басқа есепшотқа аударуы мүмкін.


Құқық қорғау органдары ешқашан WhatsApp арқылы хабарласып, SMS-кодты сұрамайтынын еске салады. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені тоқтатып, 102 нөміріне хабарласу қажет.

35
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!