Маңғыстаулық ханымдарға Ақордада мемлекеттік награда табысталды
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Ақордада мемлекеттік және қоғамдық қызметте елеулі еңбек сіңірген, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына үлес қосқан, сондай-ақ әскери және қызметтік борышын үлгілі атқарған бірқатар қыз-келіншекке мемлекеттік наградалар табыстады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Салтанатты марапаттау рәсімінде Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген еңбек адамдары мен қоғам белсенділері құрметке ие болды. Мемлекет басшысы әйелдердің ел дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтіп, олардың қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігі зор екенін айтты.
Марапатталғандардың қатарында Маңғыстау облысының үш азаматшасы бар. Олардың екеуі Құрмет орденімен марапатталды. Атап айтқанда, Өзенмұнайгаз АҚ №4 мұнай және газ өндіру басқармасының машинисі Айсұлу Шуақбаева және Халел Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау жоғары политехникалық колледжі басшысы Зәрипа Шолтанова осы жоғары мемлекеттік наградаға ие болды.
Сонымен қатар, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген Абыл Тарақұлы атындағы балалар өнер мектебі ұстазы Рухия Батыршева Парасат орденімен марапатталды.
Аталған марапаттар жерлестеріміздің өз салаларында ұзақ жылдар бойы атқарған адал еңбегінің, кәсіби шеберлігі мен ел дамуына қосқан үлесінің айқын көрінісі. Президент салтанатты шара барысында еліміздің әр аймағынан келген әйелдер қауымын Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, олардың қоғам дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.