Ақтауда байкерлер әйелдерге ерекше тосынсый жасады
Ақтау қаласында Халықаралық әйелдер күніне орай нәзік жандарға ерекше құттықтау ұйымдастырылды. 8 наурыз мерекесі қарсаңында жергілікті мотосүйер қауым қала көшелерімен шағын мерекелік шеру өткізіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады, деп хабарлайды otpannews.kz.
Мотоцикл колоннасы қаланың орталық көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындардың назарын аударды. Алайда байкерлердің басты тосынсыйы тек гүрілдеген моторлар мен әсерлі шеру ғана болған жоқ. Олар қаланың әр бөлігінде тоқтап, көшеде кездескен әйелдерге гүл шоқтарын сыйлай жүрді. Көпшілік үшін бұл күтпеген әрі өте жағымды сәт болып, қыз-келіншектер қуана қабылдап, көрсетілген ықыласқа алғыс білдірді.
Акцияға шамамен 20 байкер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастаманың басты мақсаты - мерекелік көңіл күй сыйлап, қарапайым ғана ықыластың өзі адамның күнін ерекше ете алатынын көрсетуге бағытталған.
Айта кетейік, Маңғыстау облысында шамамен 200-ге жуық мотосүйер бар. Олар қаладағы түрлі іс-шаралар мен әлеуметтік акцияларға белсенді қатысып, тек жол үшін ғана емес, игі істер үшін де жиі бас қосады.