Ақтаудағы тамақтандыру саласының қызметкерлері референдумда дауыс береді
Ақтауда «Берекет Ф» ЖШС еңбек ұжымына жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндіру мақсатында кездесу өтті, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Кездесуге облыстық коалиция мүшелері мен мекеме қызметкерлері қатысты. Жиын барысында Конституцияға енгізілген негізгі өзгерістердің маңызы, олардың елдің саяси жүйесін жаңғыртудағы рөлі және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын нығайтуға бағытталған тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Коалиция мүшелері Ата Заңға енгізілген түзетулердің әділетті әрі ашық қоғам қалыптастыруға бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар Конституциялық соттың қызметі, адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті сақтау мәселелері кеңінен қозғалды.
Жиын барысында қатысушыларға 15 наурызда өтетін республикалық референдумның маңызы да түсіндірілді. Референдум – ел болашағына тікелей әсер ететін маңызды саяси науқан екені, әрбір азаматтың белсенділігі мемлекет дамуына үлес қосатыны айтылды. Спикерлер тұрғындарды референдумға қатысып, өз таңдауын жасауға шақырды.
Маңғыстау облыстық коалиция мүшесі, «Берекет Ф» ЖШС директоры Зарета Фаталиева жаңа Конституция бойынша өтетін референдумда дауыс беретіндерін жеткізді.
-Бүгін коалиция мүшелері өзім басқарып отырған, 350-ден астам қызметкері бар «Берекет Ф» ЖШС кәсіпорнында жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді түсіндіру және референдум өткізу мәселелері бойынша бас қосты. Мен коалиция мүшесі әрі өз Отанының патриоты ретінде әрбір қызметкерге, сондай-ақ жұмыста немесе күнделікті өмірде кездесетін әрбір азаматқа осы маңызды қадамдардың мән-жайын түсіндіруге тырысамын. Біздің негізгі міндетіміз - әрбір адамның референдумға келіп, өз таңдауын жасауына ықпал ету. Конституциялық өзгерістердің Қазақстанның әрбір азаматының өмір сүру сапасын жақсарту үшін қабылданатынын жұртшылыққа терең ұғындыру болып табылады, - деді Зарета Фаталиева.