Otpan News Logo

Жеті баланың анасы Ұлттық ұланда қызмет етеді

|
08.03.2026 13:34
Жеті баланың анасы Ұлттық ұланда қызмет етеді

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қатарында қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ерлермен қатар үлес қосып жүрген әйелдер аз емес. Солардың бірі -жеті баланың анасы, сержант Гүлшат Айтжанова. Ол әскери қызмет пен ана ретіндегі міндетін қатар алып жүр. Бұл туралы otpannews.kz порталы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлады.

 

Гүлшат Қалыбайқызы Ақтау қаласында орналасқан 6656 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Оның міндетіне әскери қызметшілердің денсаулық жағдайын бақылау және жеке құрамға қажетті медициналық көмек көрсету кіреді. Сержанттың айтуынша, әскери қызмет жоғары жауапкершілік пен қатаң тәртіпті талап етеді. Алайда отбасының қолдауы барлық міндетті абыроймен атқаруға көмектеседі.

 

Үлкен отбасы мен тығыз қызмет кестесіне қарамастан, Гүлшат Айтжанова балаларының тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Ол олардың бойына Отанға деген сүйіспеншілікті, еңбекке құрмет пен жауапкершілік сезімін сіңіруге тырысады.

 

«Әрине, жеті баланы тәрбиелеп, әскери қызметті қатар алып жүру оңай емес. Бірақ адам өз жұмысын жақсы көріп, ел алдындағы жауапкершілігін сезінсе, бәріне де күш табады. Мен балаларымды еліміздің нағыз патриоттары етіп тәрбиелеуге тырысамын», - дейді ол.

 

Әскери қызметші үшін отбасы - өміріндегі басты тірек әрі шабыт көзі. Қызметтен бос уақыттың барлығын ол балаларымен бірге өткізуге тырысады.

 

«Менің балаларым ең үлкен байлығым. Олар менің қызметімнің маңызын түсінеді және әрдайым қолдау көрсетеді. Біз олардың болашағы үшін еңбек етеміз, - дейді көпбалалы ана.

 

Гүлшат Айтжанованың қызмет жолы – әскери борыш пен аналық міндетті қатар алып жүруге болатынын көрсететін жарқын мысал. Ол өз ісіне де, отбасына да адал жан.

98
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!