Әскердегі әйелдер отбасы мен қызметті қалай қатар алып жүреді?
Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштері Бас қолбасшысының қаржы жұмысы жөніндегі көмекшісі, подполковник Сымбат Икенова – үш баланың анасы, сүйікті жар, қамқор ана әрі ардақты әже. Әйел адамның иығына артылатын жүк ешқашан жеңіл болмаған. Ал әскери тәртіп пен қатаң талап үстемдік ететін салада қызмет ету ерекше ерік-жігер мен табандылықты қажет етеді. Подполковник Сымбат Икенова – әскери антқа адал, ел сенімін ақтауды өмірлік мақсатына айналдырған азамат, деп жазады otpannews.kz әскери бөлімге сілтеме жасап.
Әскери ортада ол тәртіп пен жауапкершіліктің үлгісі ретінде танылған. Әріптестері үшін әділ әскери қызметкер әрі сенімді серік. Оның қызметтегі табандылығы мен принципшілдігі жас буынға өнеге болып келеді. Қырағылық, ұқыптылық, батылдық пен парасат – оның бойындағы басты қасиеттер.
Дегенмен нағыз ерлік тек қызметте ғана емес, отбасы өмірінде де көрініс табады. Үш баланы тәрбиелеу – үлкен жауапкершілік. Ана ретінде Сымбат балаларына тек білім беріп қана қоймай, ең алдымен адалдықты, адамгершілік құндылықтарды, үлкенге құрмет пен кішіге қамқор болуды үйреткен.
Отбасының тұрақтылығы көбіне әйелдің сабыры мен даналығына байланысты. Сүйікті жар ретінде ол отбасындағы басты құндылық – өзара сыйластық, түсіністік пен қолдау деп есептейді. Шаңырақтағы бақыт әйел жүрегіндегі жылылықтан басталады.
Халық даналығында «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Мұндай сөздердің шынайы дәлелін осындай аналардың өмір жолынан көруге болады.
Бүгінде Сымбат немерелерінің сүйікті әжесі. Ол немерелеріне қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық құндылықтарын үйретуді өзінің парызы санайды. Үлкенге сәлем беру, дастархан басындағы мәдениет, сөздің қадірін түсіну – бәрі әженің тәрбиесінен бастау алады.
Ұлттық тәрбиенің негізі – отбасында қаланады. Әженің өнегесі болашақ ұрпақтың санасында терең із қалдырады. Немерелері үшін ол – жылулықтың, қамқорлықтың және даналықтың қайнар көзі.
Сымбаттың сүйікті ісінің бірі – дәмді тағамдар әзірлеу. Кең дастархан – қазақ халқының қонақжайлығының белгісі. Оның дайындаған тағамдары тек дәмімен ғана емес, аналық мейірім мен шынайы ықыласпен ерекшеленеді.
Бір дастархан басында жиналған отбасы мүшелері бірлік пен татулықтың қадірін сезінеді. Әрбір тағам ана жүрегінің жылуына толы үнсіз тілектей әсер қалдырады.
Подполковник Сымбат Икенованың өмір жолы – қазақ әйеліне тән парасат пен мықты рухтың айқын көрінісі.