Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан астамын әйелдер құрайды
Қазақстанда мемлекеттік қызмет саласында әйелдердің үлесі жоғары. Бүгінде елдегі мемлекеттік қызметкерлердің 56 пайызын әйелдер құрайды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды otpannews.kz порталы Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Министрліктің хабарлауынша, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің 2026 жылғы 1 қаңтардағы деректері бойынша, Қазақстандағы мемлекеттік қызметкерлердің 56 пайызы – әйелдер. Алайда басшылық лауазымдарда олардың үлесі айтарлықтай төмен – 38,9 пайыз ғана.
Соңғы жылдары бұл көрсеткіштер айтарлықтай өзгермеген. Яғни, мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55–56 пайыз шамасында болса, басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі шамамен 39 пайыз деңгейінде сақталып отыр. Сонымен қатар қазіргі таңда Қазақстанда әйел әкімдер жоқ.
Министрлік Ұлттық статистика бюросының 2024 жылғы деректерін де келтірді. Оған сәйкес, саяси мемлекеттік қызметкерлер арасында әйелдер саны ерлерге қарағанда әлдеқайда аз. Нақтырақ айтқанда, әйелдер – 59, ал ерлер – 692 адам.
Саяси мемлекеттік қызметкерлер қатарына Президент тағайындайтын лауазымдар мен олардың орынбасарлары, Парламент палаталары мен олардың төрағалары тағайындайтын немесе сайлайтын тұлғалар, Конституцияға сәйкес Президент пен Үкіметтің өкілдері, сондай-ақ орталық атқарушы органдар мен ведомстволардың басшылары және олардың орынбасарлары жатады.
Ал әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер арасында жағдай басқаша. Бұл санатта әйелдер саны ерлерден көп. Атап айтқанда, әкімшілік қызметте 47 099 әйел жұмыс істейді, ал ерлер саны – 36 632.
Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер – саяси қызметкерлер құрамына кірмейтін және мемлекеттік органдарда тұрақты кәсіби негізде қызмет атқаратын мамандар.
Қазіргі уақытта Үкімет құрамында үш әйел министр бар. Ал ер министрлер саны – 21.
Парламентте де гендерлік теңсіздік байқалады. 2026 жылғы наурыздағы мәлімет бойынша, Мәжілісте 17 әйел депутат және 80 ер депутат бар. Дегенмен Мәжіліс аппараты қызметкерлерінің арасында әйелдер басым – 57 пайыз, ал ерлер – 43 пайыз.
Ал Сенатта әйел депутаттардың үлесі сәл жоғары. Олар жалпы орынның 20,4 пайызын иеленіп отыр, яғни 49 сенатордың 10-ы – әйелдер. Сенат аппараты қызметкерлерінің 42,9 пайызы – әйелдер, ал 57,1 пайызы – ерлер.