Маңғыстаулық дзюдошы Париж Гранд Слэмінде жүлдеден тыс қалды
Париж Гранд Слэміне қатысқан Қазақстан балуандары үш жүлде иеленді, деп жазады otpannews.kz.
Аталған сында Аман Бақытжан (60 кг), Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Шархан Нұрлыхан (-100 кг) қола жүлдеге қол жеткізді.
7-8 ақпан күндері Франция астанасында өткен дәстүрлі тунирге 81 мемлекеттің ұлттық құрамасы қатысты. Айтулы сында еліміздің атынан 12 балуан күрескенімен олардың тек 3-і ғана жартылай финалға жете алды.
Бұл ретте Маңғыстау облысының өкілі Бауыржан Нарбаев алғашқы айналымда есе жіберді. 66 келіде күрескен жерлесіміз Лим Ынжунмен белдесуде қарсыласынан айласын асыра алмады. Сондай-ақ, 66 келіде күрескен Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев та алғашқы айналымнан аса алмады.
Айта кетейік, Париж Гранд Слэмі Қазақстан балуандары үшін жыл басындағы алғашқы жарыс болып отыр. Бұл сынның жүлде қоры 154 мың еуроны құрайды.