Буллинг пен отбасындағы зорлық-зомбылық: балалар қайда жүгіне алады?
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – «Өзіңді таны, болашағыңды таңда» атты семинар-тренинг басталды. Семинарға облыстағы балаларға психологиялық қолдау көрсету орталығының өкілдері де қатысуда. Олар буллинг, отбасындағы және мектептегі зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдармен жұмыс істейді. Орталық мамандары балаларға психологиялық кеңес беріп, қиын жағдайдан шығуға көмектеседі.
Мекеме психологі Эльнура Жанабайдың айтуынша, орталықтың негізгі міндеті – балалардың әл-ауқаты мен мінез-құлқын бақылау, психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ буллинг, суицид және зорлық-зомбылықтың алдын алу.
«Көбіне орталыққа мектеп оқушылары жүгінеді. Олардың арасында қатарластары тарапынан қысым көрген, мектепте немесе отбасында зорлық-зомбылыққа тап болған балалар бар. Мұндай жағдайларда мамандар алдымен мектеп психологтарымен байланысып, мәселені бірлесіп шешуге тырысады. Ал мектеп психологына жүгінгісі келмейтін оқушылар орталыққа тікелей келе алады»,- дейді Эльнура Жанабай.
Бұдан бөлек, мұнда отбасылық қарым-қатынасқа байланысты мәселелер бойынша да психологиялық консультациялар беріледі. Орталыққа балалардың өздері де хабарласып, көмек сұрайды.
Оқушылар мамандармен байланысу үшін 111 бірыңғай республикалық сенім телефонына немесе Маңғыстау облысы бойынша 72-92 нөміріне қоңырау шала алады. Сонымен қатар әр мектепте орталыққа жүгінуге мүмкіндік беретін QR-кодтар орналастырылған.
Айта кетейік, психологиялық қолдау орталығы Ақтау қаласының 4 шағынаудан, 8-ғимаратында орналасқан.