Otpan News Logo

Қаракөлдегі қызғылт қоқиқаздар Ақтау тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады

|
23.11.2026 11:57
Қаракөлдегі қызғылт қоқиқаздар Ақтау тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлады

АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау тұрғындары мен әлеуметтік желі қолданушыларының назарын Ақтау маңындағы Қаракөл көлінде жүрген қызғылт қоқиқаздар аударды.


Қоқиқаздар бейнеленген видеоны әлеуметтік желідегі Usen_0ff парақшасы жариялады. Кадрлардан көл бетінде топталып жүрген жүздеген қызғылт қоқиқазды көруге болады. Құстардың ерекше көрінісі желі қолданушыларына жағымды әсер сыйлады.


Қаракөл көлі – қоныс аударатын құстардың аялдайтын маңызды мекендерінің бірі. Мұнда қоқиқаздар жыл сайын көктем және күз мезгілдерінде тұрақтайды. Көлдің табиғи жағдайы мен қоректік қоры олардың тынығуына және қоректенуіне қолайлы.


Қызғылт қоқиқаздар көлдегі ұсақ шаянтәрізділермен, жәндіктермен және балдырлармен қоректенеді. Құстардың қауырсынына қызғылт түс беретін де – осы қорек құрамындағы табиғи пигменттер. Ал жас қоқиқаздардың қауырсыны бастапқыда сұрғылт болып, есейген сайын біртіндеп қызғылт түске өзгереді.


Айта кетейік, қызғылт қоқиқаз – Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген сирек құстардың бірі. Қаракөлге жыл сайын келетін бұл құстар өңірдің табиғи байлығы мен биоалуантүрлілігінің маңызды бөлігі саналады.

8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!