Otpan News Logo

Маңғыстауда қуаты 20 МВт күн электр станциясы іске қосылды

|
23.11.2026 12:04
Маңғыстауда қуаты 20 МВт күн электр станциясы іске қосылды

OTPANNEWS.KZ. – Маңғыстау облысында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында жаңа жоба жүзеге асты. Биыл өңірде қуаты 20 МВт болатын «Stellar Energy» ЖШС күн электр станциясы пайдалануға берілді. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігі хабарлады.


Жалпы 2026 жылы Қазақстанда жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) саласындағы 245 МВт болатын 10 нысанды іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда жалпы қуаты 212 МВт болатын 7 нысан пайдалануға берілді. Оның ішінде Маңғыстау, Қостанай және Жетісу облыстарында қуаты 62,6 МВт болатын үш күн электр станциясы бар. Атап айтқанда, Маңғыстауда – 20 МВт, Қостанайда – 22,6 МВт («Altyn Solar Energy» ЖШС), Жетісуда – 20 МВт («Jetisu Terra Power» ЖШС).


Бұдан бөлек жыл соңына дейін Қызылорда облысында жалпы қуаты 30 МВт болатын «Альхена» ЖШС-нің екі күн электр станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Осылайша, биыл елімізде қуаты 92 МВт болатын бес күн электр станциясы іске қосылады.


Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында жаңартылатын энергия көздерін, әсіресе күн энергетикасын дамытуға ерекше назар аудару қажет екенін атап өткен болатын.


Бүгінде Қазақстандағы жаңартылатын энергия көздері нысандарының жалпы белгіленген қуаты 3,7 ГВт-қа жетті. Оның ішінде күн электр станцияларының үлесі – 1,3 ГВт. Биылғы тоғыз айда ЖЭК нысандары 7,8 млрд кВт·сағат электр энергиясын өндірсе, оның 1,9 млрд кВт·сағаты күн электр станцияларына тиесілі.


Сонымен қатар елімізде жалпы қуаты 900 МВт болатын күн энергетикасы саласындағы перспективалы жобалар портфелі қалыптастырылуда. Ірі жобалардың қатарында China Energy компаниясының қуаты 300 МВт күн электр станциясын салу бастамасы және Tumar Commerce компаниясының жиынтық қуаты 1 ГВт-қа дейінгі жобалары бар.


Жалпы 2035 жылдың соңына дейін Қазақстанда кемінде 8,4 ГВт жаңа жаңартылатын энергия көздері қуатын іске қосу жоспарланған. Оның ішінде шамамен 1,8 ГВт күн генерациясына тиесілі болады.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!