Маңғыстауда жалған инвестициялық сайттар тұрғындардың ақшасын иемденіп жатыр
OTPANNEWS.KZ – Маңғыстау облысында интернет алаяқтықтың кең тараған түрлерінің бірі – жалған инвестициялық жобалар. Алаяқтар ірі компаниялардың атын жамылып, тұрғындарға аз уақыт ішінде салған ақшасын еселеп қайтаруға уәде береді.
Бұл туралы облыстық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Айболат Мырзашев мәлімдеді.
Оның айтуынша, интернетте «Қазатомөнеркәсіп» сияқты ірі кәсіпорындардың атынан ашылған жалған сайттар кездеседі. Онда компанияның акцияларын сатып алуға немесе белгілі бір жобаға қаржы салуға шақыратын жарнамалар жарияланады. Алаяқтар бір айда салынған қаражатты екі еселеп қайтаруға уәде береді.
Күмәнді сілтемеге өткен тұрғындар көбіне WhatsApp желісіне бағытталады. Артынша өзін инвестициялық жобаның менеджері ретінде таныстырған адам хабарласып, ақша салуға көндіреді.
Полиция өкілі мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарауға шақырады. Егер қандай да бір компанияның атынан инвестиция салуға ұсыныс түссе, алдымен оның ресми сайты мен байланыс нөмірлері арқылы ақпаратты тексеру қажет.
Сондай-ақ бір айда ақшаны екі еселеуге уәде беретін жарнамаларға сенбеу керек екенін ескертеді.