Ақтауда құрылыс нысандары аумағында рұқсатсыз төгілген қоқыс үйінділері анықталды
Ақтау қаласында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында мониторинг жұмыстары жүргізілді. Мониторинг қала аумағында салынып жатқан құрылыс нысандарында өтті. Онда құрылыс объектілерінде санитарлық нормалар мен құрылыс талаптарының сақталу деңгейі қаралды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Ақтау қаласы әкімдігінің мәліметінше, мониторинг нәтижесінде бірқатар құрылыс ұйымының құрылыс талаптарын сақтамағаны және санитарлық нормаларды бұзғаны анықталды. Енді барлық құрылыс салушы мекеме қысқа мерзім ішінде құрылыс алаңдарын белгіленген талапқа сай қоршауға, сондай-ақ құрылыс аумақтарын және оған іргелес учаскелерді толық тазалап, құрылыс қалдықтарын жоюы керек.
– Құрылыс ұйымдарына қойылатын талап - баршаға ортақ. Қала аумағында тазалық пен қауіпсіздікті сақтау – әрбір мердігердің міндеті. Сондықтан анықталған кемшіліктерді жедел түрде жою қажет, – деді Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының орынбасары Бегалы Хожахметов.
Айта кетейік, қойылған талап белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда, құрылыс компанияларына қатысты тиісті құзырлы органдарға заңнамаға сәйкес шара қолдану үшін ресми түрде хат жолданады.