Маңғыстауда полицейлер өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды
OTPANNEWS.KZ – Қарақия ауданында полиция қызметкерлері өзіне қол жұмсамақ болған 30 жастағы ер адамды құтқарды. Оқиға 7 қазаннан 8 қазанға қараған түні Құрық ауылында болған.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, түнгі сағат 02:40 шамасында учаскелік полиция инспекторына жергілікті тұрғын хабарласқан. Әйел отбасындағы жанжалдан кейін 30 жастағы ұлының гаражға кетіп, ұзақ уақыт бойы үйге оралмағанын айтқан.
Хабарды алған полиция қызметкерлері дереу Құрық ауылындағы Геологтар тұрғын алабына барды. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары ер адамның өміріне қауіп төніп тұрғанын анықтап, оны құтқаруға кіріскен.
Полицейлердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында ер адам аман қалып, оған алғашқы көмек көрсетілген. Оқиға орнына жедел медициналық жәрдем бригадасы да шақырылды.