Маңғыстауда пробация есебінде тұрған екі адам заңға бағынбай, бас бостандығынан айырылды
Сот жүктеген талаптарды орындамаған Каракия аудандық пробация қызметінде есепте тұрған 2 тұлға қылмыстық атқару жүйесі мекемесіне қайтарылды, деп хабарлайды otpannews.kz.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің хабарлауынша, бірінші тұлға ҚР ҚК-нің 191-бабы бойынша сотталған, ол уақтылы тіркеуге келмеген және бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал екінші тұлға 188-бап бойынша сотталған, ол пробация талаптарын өрескел бұзып, рұқсатсыз көрші ауылға кеткен және әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Сондай-ақ, полиция қызметкерін балағаттағаны үшін сот шешімімен 40 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған.
- Пробация қызметкерлері бірнеше рет түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескерту жасағанымен, тұлғалар өз мінез-құлқын түзетуге тырыспаған. Осыған байланысты қызмет мамандары жинақталған материалдарды сотқа жолдады. Сот ұсынысты қарап, жазаның түрін бас бостандығынан айыруға өзгертті, - делінген ҚАЖ департаменті тарапқан хабарламада.
Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің пробация есебінде 859 тұлға тұр. Пробация қызметкерлері сотталғандардың тәртібін қадағалап, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді, тіркелу кестесін белгілейді және пробация талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.