Жарнама бөлімі: 
+7 778 145 90 93
Редакция: 
+7 (7292) 20 48 34

Маңғышлақтан Маңғыстауға: Облыс тарихы туралы не білеміз?

|
11.11.2025 12:18
Маңғышлақтан Маңғыстауға: Облыс тарихы туралы не білеміз?

Биыл Маңғыстау облысының қайта құрылып, ел картасына қазіргі атауымен енгеніне – 35 жыл. Осы тұста otpannews.kz сайтының тілшісі зерттеу жүргізіп, өңір дамуына елеулі үлес қосқан тұлғамен сұхбаттасып көрді.


Облыстың алғаш құрылуы

1973 жылы 20 наурызда Гурьев облысы құрамынан бөлініп, Маңғышлақ облысы құрылды. Аумағы – 167 мың шаршы км құрайтын облыс құрамына 3 қала мен 11 елдімекен кірген. Ал халық саны – 199 мың адам, облыс орталығы – Шевченко қаласы. Сол кездері облыстық комитеттің 1-хатшысы болып соғыс ардагері, халық шаруашылығы саласының қызметкері Тұтқабай Әшімбаев тағайындалды. Тұтқабай Әшімбаев 1921-1983 жылдары аралығында өмір сүріп, түрлі салада қызмет еткен. Текелі қалалық комитетінде, Шығыс Қазақстан облысы комитетінде хатшы қызметтерін атқарып, КСРО жоғары кеңесінің 9-10 шақырылымдарының депутаты болған. Ол – Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Қызыл жұлдыз ордендерімен, медальдармен марапатталған.


Маңғышлақ облысы құрылған алғашқы оқу жылында (1972/1973 жылдары) мектепке дейінгі білім беретін 70 ұйымда – 9900 бала, 77 жалпы білім беретін мектепте – 40 800 оқушы, ал 4 колледжде – 1200 оқушы болған. 


Сол сәттері облыста қазақ тілінде шығатын – «Коммунистік жол» (қазіргі «Маңғыстау» газеті) мен орыс тіліндегі «Огни Мангышлака» (қазіргі «Огни Мангистау») газеттері болған. 


Облыстың таратылуы

«1988 жылы 2 маусымда экономикалық, әкімшілік оңтайландыру саясаты аясында елімізде бірнеше облыс таратылды. Олардың қатарында Маңғышлақ та бар.Сөйтіп Маңғышлақ қайтадан сол кездегі Гурьев, қазіргі Атырау облысына қайта қосылды. Осылайша 15 жыл өз алдына дербес облыс болған Маңғышлақта басқару органдары жойылды»,- деді ардагер журналист Мейрамбай Қибасов.


Расында, сол сәтте «басқаруды оңтайландыру», «қаржы мен кадр ресурстарын қысқарту», «облысаралық экономикалық біріктіру» сияқты ұрандармен 5 облыс таратылды. Маңғышлақ облысы таратылып – Гурьевке қосылды. Торғай облысы – Қостанай мен Ақмола облыстарына бөлінді, ал Жезқазған облысы Қарағанды мен Қызылорда облыстарына қосылды. Талдықорған облысы Алматыға біріктіріліп, Көкшетау Целиноград пен Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінген.


Алайда бұл шешім қоғамда қолдау таппады. Себебі халық жергілікті басқару жоғалып, өңірлік мәселелер назардан тыс қалды деп наразылық білдірді. Сол сәтте қоғам белсенділері мен өңірдің зиялы қауымы бірлесіп, Маңғыстау облысының қайта құрылуы жолындағы табанды қызметін бастады.


Қайта құру

«Облыстың қайта қалпына келуіне бірқатар азамат еңбек сіңірді. Өңірдегі ең-ең деген азаматтардың басын біріктіріп, үлкен бастамаларды қолға алған – Нәсіпқали Марабаев еді. Өз алдына дербес облыс болуы қажет деген ұстаныммен сол сәттегі астанаға барып, Маңғыстаудың қайта құрылуы үшін үлкен еңбек сіңірді. 1989 жылы 14 наурызда қоғамдық-саяси қозғалыс ұйымдастырып, республика көлемінде жалғасын тапты. Тіпті оның бастамасымен облысымызда алғашқы қазақ тіліндегі балабақша мен мектеп ашылды. Шевченконың атауы – Ақтау, Маңғышлақ облысы – Маңғыстау болып өзгергені де Нәсіпқали Марабаевтың арқасы еді»,- деді публицист Мейрамбай Қибасов.


Қазақстанда тіркелген алғашқы бірлестіктердің бірі Сайын Шапағатов негізін қалаған «Парасат» қоғамдық-саяси демократиялық қозғалысы болды. «Парасат» қозғалысы өзекті әлеуметтік мәселелерді көтеріп, демократия, ашықтық және өзін-өзі басқару қағидаттарына негізделген әділеттілікті қалпына келтіру мақсатында республика мен КСРО басшылығына ұсыныстар енгізді.


Сайын Шапағатовтың басшылығымен «Парасат» қозғалысы қозғалыстың жарғысы мен бағдарламасын қабылдаған барлық этносты біріктірді. Қозғалыстың мақсаттарына әлеуметтік жағынан осал топтардың жағдайын жақсарту, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жергілікті жұмыспен қамту, жастарды оқыту және оқыту, ұлттық мәдениетті, дәстүрді және қолөнерді жаңғырту, аймақтың экологиясын сақтау, ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу және Қазақстанды мекен еткен этностар арасындағы достық пен келісімді нығайту кірді. 1992 жылы «Парасат» ұйымы жариялаған төзімділік пен бірлік қағидаттары негізінде Жаздырхан Сейдалиевтің басшылығымен «Халық келісімі» қоғамдық бірлестігі құрылды, ол – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудың бастамасы еді.


Сол сәттері таратылған облыспен қатар өңірдегі «Коммунистік жол» газеті де жабылды. Облыс тұрғындарын өлкенің тыныс-тіршілігімен таныстырып, ақпарат таратқан газеттің таратылғаны туралы белгілі журналист былай деді:


«Облыс таратылған сәтте қазақ тіліндегі «Коммунисік жол» да жабылды. Оны қайта қалпына келтіру үшін де біраз жігер қажет болды. Сол сәтте республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде қолдау ретінде «Газетім қайда, газетім?!» мақаласы жарияланған еді. Мен аудан, қалаларды аралап, газеттің қайта шығуын күткен 1000-ға жуық адамнан қол жинадым. Сөйтіп Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы Геннадий Васильевич Колбинге ресми хат жолдадым. Ал көшірмесін Қазақстан компартиясы ОК-нің сол кездегі хатшысы қызметін атқарған Өзбекәлі Жәнібековке жібердім. Тынымсыз еңбек пен ізденістің нәтижесінде 1990 жылы «Маңғыстау» газеті облыстық емес, қалалық газет болып қайта шықты. Сол жылы мен «Жаңаөзен» деген атпен газет ашып, тамызда облыс қайта құрылғанда қуаныштан бір бет арнап мақала жаздым. Ал 1990 жылдың қарашасында Маңғыстау газетінің алғашқы санын шығардық. 1994 жылы сол газетке бас редактор болып тағайындалдым»,- деді белгілі журналист, публицист Мейрамбай Қибасов.


Қоғамдағы белсенді азаматтардың тынымсыз еңбегінің нәтижесінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының 1990 жылы 17 тамыздағы қаулысымен облыс қайта құрылды.


 «Бұрын таратылған Маңғышлақ облысының шекарасында Шевченко, Форт-Шевченко және Жаңа Өзен қалаларын, сондай-ақ Гурьев облысының Бейнеу, Ералиев және Маңғыстау аудандарын қамтитын Маңғыстау облысы құрылсын»,- делінген қаулыда.


Қаулыға сай облыс орталығы – қазіргі Ақтау, сол сәттегі Шевченко болып бекітілді. Сөйтіп, қайта құрылған Маңғыстау облысының Кеңестік төрағасы және облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып– Федор Новиков тағайындалды. 


Бүгінде Маңғыстау көпшіліктің назарын аударған тарихи өлке. Ерекше табиғи кескінімен ел туризмінде өзіндік орны бар облысқа айналды. Қазақы дәстүрінен айнымай, ғаламдық дамуды да қатар меңгеріп жатқан тұрғындары бар дамушы облыста 815 мыңнан астам адам өмір сүреді. Бүгінде құрамына 5 аудан мен 3 қала кіреді. Облыстың орталығы – Ақтау қаласы.

58
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!