Маңғыстауда кәсіпкерлер мен өндіріс саласының қызметкерлерімен кездесу өтті
Маңғыстау облысында Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауын түсіндіру және онда белгіленген басым бағыттарды талқылау мақсатында кәсіпкерлер мен өндіріс саласының қызметкерлерімен кездесу өтті.
Іс-шараға ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасы Т. Қосымбаев, Қазақстан халық кеңесінің мүшесі Р. Аймурзаева, «Әділет» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының орынбасары Н. Қарасаев, «Әділет» партиясының мүшесі З. Фаталиева қатысты, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Алғашқы кездесу Ақтау қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының ғимаратында қала кәсіпкерлерімен ұйымдастырылды.
Маңғыстау облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Шынар Ахметкалиеваның айтуынша, кездесудің мақсаты – Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген бағыттарды айқындап, олардың өңіріміз үшін қандай мүмкіндіктер ашатынын және алдағы уақытта қандай міндеттер жүктейтінін талқылау.
-Жолдауда инвестиция тарту, экономиканы дамыту және жасанды интеллектті пайдалану мәселелері көтерілді. Бұл бағыттар бойынша кәсіпкерлер палатасы өз жұмысын жалғастырып келеді. Ендігі міндет – мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер палатасы және бизнес өкілдері арасында өзара байланысты нығайтып, ортақ мақсатта жүйелі жұмыс жүргізу, - деді Шынар Ахметкалиева.
Екінші кездесу «OilConstructionCompany» ЖШС қызметкерлерімен өтті. Кездесу барысында ұжым қызметкерлері өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, пікір алмасты.
«OilConstructionCompany» ЖШС бас директорының өндіріс жөніндегі орынбасары Руслан Сисенғалиев кездесуде Президент Жолдауының негізгі бағыттары түсіндіріліп, қатысушылардың көкейінде жүрген өзекті мәселелер, соның ішінде келесі жылы қолға алынатын ауруханалар мен мектептердің құрылысы талқыланғанын атап өтті.
-Кездесу барысында Жолдаудың негізгі бағыттары сөз болып, әріптестеріміз көкейде жүрген бірқатар өзекті мәселені ортаға салды. Әсіресе, келесі жылдың «Халықтық құрылыс жылы» деп жариялануына байланысты салынатын ауруханалар мен мектептердің құрылысы жөнінде пікір алмастық. Бұл бастамалар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған, - деді Руслан Сисенғалиев.
Сондай-ақ Мұнайлы ауданындағы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ филиалы – «Магистральдық желінің Маңғыстау бөлімшесі» қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынға Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Серікқали Алпамысұлы қатысты.
Жиын барысында теміржол саласы қызметкерлері өз ұсыныс-пікірлерін білдіріп, көлік қатынасы мен инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, қоғамдық көлік қатынасын жақсарту, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау және елді мекендер арасындағы қатынасты дамыту жөнінде ұсыныстар айтылды.