Otpan News Logo

Маңғыстау даласынан Кавказ тауларына дейін: Ақтаулық әйел 1500 шақырымды жалғыз жүріп өтті

Маңғыстау даласынан Кавказ тауларына дейін: Ақтаулық әйел 1500 шақырымды жалғыз жүріп өтті

OTPANNEWS.KZ. – Ақтаулық 36 жастағы Яна Безверхняя Каспий теңізінен Қара теңізге дейінгі Кавказ соқпағын толық еңсерген алғашқы қазақстандық атанды. Ол 57 күнде Ресейдің жеті таулы аймағын басып өтіп, шамамен 1500 шақырым жол жүрді. Сапар барысында арынды өзендерден өтіп, жабайы аңдарға кезікті, мешіттер мен қараусыз қалған ғимараттарды паналады. Ақтауға оралғаннан кейін бір аптадан соң Алтай мен Моңғолияға велосипедпен саяхатқа аттанды.


Яна Ақтауда туып-өскен. Ұзақ жаяу сапарларға 2017 жылдан бастап шыға бастаған. Алғашында Мәскеу – Тула және Адлер – Краснодар бағыттарын өз бетінше жүріп өткен. Кейін Алматы маңындағы тауларды аралап, Өзбекстанға саяхаттаған. 2024 жылы Қырғызстандағы биіктігі бес мың метрден асатын Юхин шыңына көтерілді. Бір жылдан соң Эльбрус шыңын бағындырып, Ленин шыңына да шығуға талпынды. Алайда 6400 метр биіктікте ауа райының қолайсыздығына байланысты топ кері қайтуға мәжбүр болған.


Кавказ соқпағымен жүру идеясы кездейсоқ туған. Бастапқыда Яна Алтайдағы Чүй тасжолымен велосипедпен саяхаттауды жоспарлаған. Дайындық кезінде әлеуметтік желіден Каспий мен Қара теңізді жалғайтын жаяу маршрут туралы біліп, ұйымдастырушылармен байланысады.


Кавказ соқпағы – тарихи тау жолдарын біріктіруге бағытталған ауқымды туристік жоба. Маршрут Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия, Солтүстік Осетия, Кабардин-Балқар, Қарашай-Шеркес республикалары мен Краснодар өлкесі арқылы өтеді. Саяхатшылар тау асуларын бағындырып, тарихи орындармен және жергілікті мәдениетпен танысады.


Яна сапарға шыққан жылы ауа райы ерекше қолайсыз болған. Толассыз жауын мен суықтан кейбір соқпақтарды сел шайып, өзендер арнасынан тасыған, көпірлер бүлінген. Соған қарамастан, ол 28 мамырда жолға шығып, жоспарлаған 60 күннің орнына 57 күнде межесіне жетті. Осы уақыт ішінде шамамен 70 мың метр биіктікке көтеріліп, сонша биіктіктен төмен түскен. Ол маршрутты толық еңсерген алғашқы қазақстандық әрі алғашқы шетелдік саяхатшы атанды.


«Далада өскен адамның да осындай бағытты жүріп өте алатынын көрсеткім келді. Таумен айналысып, күрделі жорықтарға дайындалу үшін міндетті түрде Алматыда тұру шарт емес. Дұрыс жаттығып, маршрутты зерттеп, қажетті жабдықтарды таңдасаң, мұның бәрі мүмкін. Мен ешкімге бірдеңе дәлелдеуді мақсат еткен жоқпын. Тек өзімді сынап, біздің өмір сүретін ортамыз кедергі емес екенін көрсеткім келді. Қазақстандықтар да осындай сапарларға шыға алады», – дейді Яна.


Жорықтың алғашқы күндері ол тәулігіне 20-25 шақырым жүрсе, кейін қашықтықты 30-40 шақырымға жеткізген. Кейде 50 шақырымға дейін жүрген. Тауда күн ерте бататындықтан, таңғы сегізде жолға шығып, кешкі алтыға дейін аялдауға тырысқан. Күн сайын 10-11 сағат қозғалыста болған.


«Ең қиыны – белгілі бір асудан өту емес, күн сайын жолға шығу. Таңертең оянып, заттарыңды жинап, рюкзагыңды асып, қайта жүресің. Кейде шаршайсың, ауырып қаласың немесе ауа райы қолайсыз болады. Бірақ алда әлі талай шақырым бар екенін түсініп, қозғала беруің керек. Уақыт өте ағзам үйреніп, ұзақ қашықтыққа жүру жеңілдеді», – деп еске алады саяхатшы.


Яна жорыққа алдын ала мұқият дайындалған. Етті кептіріп, жарма мен басқа азық-түлікті шағын пакеттерге бөліп қойған. Рюкзактың салмағын азайтуға тырысқан. Әсіресе құрттың пайдасы көп тиген. Құрамындағы ақуыз бен тұз оны ұзақ сапарға қолайлы азыққа айналдырған. Кейде жергілікті тұрғындар нан, үй ірімшігін ұсынып, шайға шақырған.


Өзімен бірге шатыр, ұйықтайтын қап, треккинг таяқтары, газ баллоны, жанарғы, жылы киім, дәрі қобдишасы, су сүзгісі, күн панелі және жеке гигиена құралдарын алған. Иттерден қорғану үшін бұрыш спрейі мен жабайы аңдарға кезіккенде қолданатын ысқырық та болған.


Маршруттағы басты қиындықтардың бірі – ауызсу табу еді. Ол бұлақ, тау өзендері мен еріген қар суын пайдаланған. Алайда жаңбырдан көптеген су көздері лайланып, кейде су қоры таусылған.


Бірде Дағыстанда жолға шығар алдында су алып үлгермей, қатты бұршаққа тап болады. Жақын елді мекенге дейін бес шақырымдай қалғандықтан, қой қорасын паналаған.


«Лас пластик шелек тауып алып, оны шатырдан аққан сумен шайдым. Кейін су жинап, сүзгіден өткіздім. Сол сумен тамақ дайындадым. Қорада темір пеш бар екен, бірақ отынның бәрі дымқыл болғандықтан, алдымен жаңқаларды кептіріп, от жағуға тура келді», – дейді ол.


Саяхатшы көбіне шатырда түнегенімен, кейде қой қораларын, құрылыс вагондарын, қараусыз қалған ғимараттар мен мешіттерді паналаған. Жергілікті тұрғындар да үйлеріне шақырып, шай беріп, қондырған. Кавказдағы кейбір мешіттер жолаушыларға арналған: онда су алып, тынығып, түнеуге болады.


«Жұмыс істеп тұрған мектепте, қонақүйлерде, пирстің астында және жолда кездескен адамдардың үйлерінде де түнедім. Кейбірі мені шайға шақырып, түнде жібермейтін. Сол жандарға алғысым шексіз. Осындай күндері жуынып алуға да мүмкіндік болды», – дейді Яна.


Таудағы ең қауіпті сәттердің бірі өзендерден өту кезінде болған. Жаңбырдан кейін су деңгейі көтеріліп, ағыс күшейген. Бірде жергілікті тұрғын Янаға өзеннен атпен өтуге көмектесуді ұсынған. Ол рюкзагын беріп, өзі аттың құйрығынан ұстап, судан өткен.


«Бұл қауіпті, әрине. Өзеннің ағысы қатты болғандықтан, адамды аяғынан құлатуы мүмкін», – дейді ол.


Арнайы Алматыдан сатып алған треккинг етігі жорықтың үшінші күні-ақ жыртыла бастаған. Ауыстыруға мүмкіндік болмағандықтан, Яна сапарын сол аяқкиіммен жалғастырған. Екі айға жуық жаңбыр мен лайда, су аяқкиіммен жүруге тура келген.


Жол бойында тау ешкілері мен қодастарды жиі көрген. Шешенстан мен Ингушетияда аюдың іздерін байқаған. Ал ең есте қалған кездесу Краснодар өлкесінде болған. Кабардин-Балқар жағынан асудан өткенде, алдынан қонжық ерткен аю шыға келген. Аралары небәрі екі метр болған.


«Бұған дейін Алматы тауларында аюларға кездескенмін, сондықтан не істеу керегін білдім. Қатты ақырып, қолымды көтеріп, бойымды барынша биік көрсетуге тырыстым. Сөйтіп, аю қонжығымен бірге қашып кетті», – деп еске алады саяхатшы.


Яна жол бойы аңдар адамның жақындағанын алдын ала сезуі үшін дауыстап жүрген. Азық-түлікті шатырда бірнеше қабат қаптамаға салып сақтаған. Алайда оның айтуынша, ең үлкен қауіп жануарлардан емес, табиғаттың тосын мінезінен төнген.


Қарашай-Шеркесияда ол найзағайлы бұлттың астында қалған. Электронды құрылғыларын рюкзагына салып, оны шатырдан алысырақ қойған. Треккинг таяқтарын да бірнеше метр жерге апарып, өзі шатырға жасырынған.


«Бұл сапардағы ең қорқынышты әрі күтпеген жағдай осы болды», – дейді ол.


Жалғыз саяхаттағандықтан, Яна қауіпсіздікке де ерекше мән берген. Тауда ұялы байланыс болмағандықтан, жақындарымен бірнеше күн хабарласа алмай қалған кездері бар. Сондықтан сапар алдында Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің жүйесінде тіркеліп, маршруты мен жүру мерзімін көрсеткен. Бір өңірден екіншісіне өткен сайын оның бағытын бақылау тиісті құтқару бөлімшелеріне тапсырылып отырған.


Маршрут түн ішінде Дагомыс ауданында, нөсер жаңбыр мен найзағай кезінде аяқталған. Қонақүй табу қиын болғандықтан, Яна Қара теңіз жағасындағы пирстің астында түнеуге мәжбүр болған.


Алайда Ақтауға оралған соң саяхатшы үйде бір апта ғана аялдады. Кейін көлігімен Барнаулға барып, машинасын сонда қалдырып, велосипедпен Алтай мен Моңғолияға жол тартты. Бұл сапарда шамамен 1100 шақырым жүрген.


Алтайдағы қарқынды көлік қозғалысы, жүк көліктері мен қатты дала желі велосипедпен жүруді қиындатқан. Ал Моңғолияда көлік аз болған. Янаға жергілікті тұрғындардың көпшілігі қазақ тілінде сөйлейтіні ерекше ұнаған. Бұл оған адамдармен тез тіл табысуға көмектескен.


Кавказдағы сапардан айырмашылығы, велосипедпен жүргенде ол тек шатырда түнеген. Өйткені барлық жүгі велосипедке бекітілгендіктен, оны қараусыз қалдыру қолайсыз болған. Жалпы екі сапар мен жолға үш жарым айға жуық уақыт кеткен.


Яна өзін кәсіби саяхатшы санамайды. Негізгі мамандығы – мұнай-химия өнеркәсібінің инженері. Кен орындары мен мұнай-химия нысандарын жобалаумен айналысады, Қазақстандық және шетелдік компанияларда жұмыс істеген. Сонымен қатар 2018 жылдан бері Ақтаудағы музыкалық топтың вокалисі.


Кавказ соқпағына дейін Өзбекстанда бір жарым жыл еңбек еткен. Жұмыстан шыққан соң мансабында саналы түрде үзіліс жасап, уақытын тауға және саяхатқа арнаған. Қазір Ақтауда кәсіби қызметіне қайта оралып жатыр.


Жақындары оның саяхатқа деген қызығушылығына алғашында алаңдаған. Кейбір сапарлары туралы туыстары газеттен оқып білген. Уақыт өте келе отбасы оның таңдауын қабылдағанымен, әлі де уайымдайды.


«Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Жұмыс – өмірімнің маңызды бөлігі. Бірақ дамуға, жаңа нәрселерді тануға және өзімді сынауға мүмкіндік беретін қызығушылықтар да қажет. Ұзақ сапардан оралған сайын бойымда күш-қуат пен жұмысқа деген ынта артады. Кеңседен тыс қызығушылықтары бар адам кәсіби қызметіне де құлшыныспен қарай алады деп ойлаймын», – дейді Яна.


Саяхатшының келесі үлкен мақсаты – ұзындығы шамамен 1800 шақырым болатын Транскавказ соқпағын жүріп өту. Грузия, Армения және Кавказдың бір бөлігін қамтитын бұл маршрут әлі толық игерілмеген. Янаның айтуынша, оны тұтастай жүріп өткен адам әзірге жоқ.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!