Otpan News Logo

Маңғыстауда инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған әлеуметтік жоба іске асуда

|
02.02.2026 09:48
Маңғыстауда инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталған әлеуметтік жоба іске асуда

Маңғыстау облысында «Инклюзивті білім беру: әрбір бала инклюзивті сыныпта оқуға және сапалы әрі қолжетімді білім алуға құқылы» атты пилоттық әлеуметтік жоба жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды otpannews.kz.


Жобаның мақсаты - ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру кеңістігіне кіріктіру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру және инклюзивті білім беру мәдениетін қалыптастыру. Бұл жұмыстар инклюзивті оқыту саласындағы жүйелі мәселелерді шешуге, педагогтерге заманауи әдістемелік қолдау көрсетуге және мектеп, ата-ана мен қоғам арасындағы серіктестікті нығайтуға бағытталған.


Әлеуметтік жобаны іске асырушы — «Сәлем-Намасте» үнді этномәдени бірлестігі мен педагогтердің үздіксіз білім беру орталығы - «USTAZ» ЖШС. Педагогтерді оқыту үдерісі Еуропалық одақтың «Батыс Қазақстанда адам құқықтарын ілгерілету және нығайту» атты гранттық бағдарламасы, сондай-ақ «ЭкоМаңғыстау» үкіметтік емес ұйымының қолдауымен ұйымдастырылды.


Жоба аясында Ақтау қаласындағы жалпы білім беретін мектептер педагогтеріне және педагог-ассистенттер, дефектологтар мен логопедтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға бағытталған онлайн және офлайн форматта оқыту тренингтері ұйымдастырылды.


 «Сәлем-Намасте» үнді этномәдени бірлестігінің төрайымы Надежда Вадодарияның айтуынша, аталған жұмыстар тиімділігі педагогтердің инклюзивті оқытуға деген көзқарасын өзгертуге, тәжірибелік дағдыларын жетілдіруге және мектептерде қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыруға ықпал етуде. Инклюзия қағидаттарын жалпы білім беру үдерісіне енгізудің нақты тәжірибелері ұсынылып, «мектеп – отбасы – қоғам» арасындағы өзара іс-қимыл күшейтіліп отыр.


- Біз білім басқармасына алынған тәжірибені өзге білім беру ұйымдарына тарату мақсатында ұсынымдар беріп отырмыз, әсіресе ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру кеңістігіне кіріктіру мәселесі маңызды. Өкінішке қарай, дамуында түрлі бұзылыстары бар балалардың саны артып келеді. Психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссиялардың деректеріне сәйкес, Маңғыстау облысында аутизм спектрі бұзылыстары, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі және өзге де диагноздары бар балалар саны жеті мыңнан асады. Ал Қазақстан бойынша ерекше қажеттіліктері бар балалар саны 124 мыңнан жоғары. Бұл – ресми деректер, ал шын мәнінде бұл көрсеткіш одан да көп. Сондықтан қолжетімді әрі тиімді инклюзивті білім беру жүйесін қалыптастыру қажеттілігі арта түсуде, - деді «Сәлем-Намасте» үнді этномәдени бірлестігінің төрайымы Надежда Вадодария.

195
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!