Маңғыстау мұнай-газ саласының ардагер маманы орден иегері атанды
OTPANNEWS.KZ. - ОСС мекемесінің қызметкері Әбдіжамал Омаров III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды. Бұл – құрылыс саласында 40 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан маманның кәсіби жолына берілген жоғары баға.
Әбдіжамал Омаров еңбек жолын 1981 жылы Маңғыстау аудандық құрылыс мекемесі – ПМК-1203-те слесарь болып бастаған. 1989-1991 жылдары Ералиев ауданындағы ПМК-1201 құрылыс мекемесінде шебер, прораб және учаске бастығы қызметтерін атқарды. 1991-1994 жылдары Ақтаудағы «Мангышлакнефтегазстрой» құрылыс басқармасының №4 мекемесінде еңбек етті.
Ал 1994 жылдан бастап еңбек жолын «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның құрылымындағы «Маңғыстаумұнайжолдары» мекемесінде жалғастырды. Кейін ОСС құрамында Қаламқас және Жетібай кен орындарында түрлі жауапты қызметтерді атқарды. Атап айтқанда, шебер, маркшейдер, прораб, учаске бастығы, басқарма бастығының орынбасары, басқарма басшысы және құрылыс-құрастыру қызметінің жетекшісі болды.
Қазіргі таңда Әбдіжамал Рзабекұлы Қаламқас кен орнындағы құрылыс-құрастыру қызметінде жоба жетекшісі болып еңбек етіп келеді.
«Еңбек жолымның басым бөлігі Маңғыстаудың мұнай-газ саласындағы құрылыс жұмыстарына арналды. Осы жылдар ішінде талай әріптеспен бірге жұмыс істеп, әр кезеңде мол тәжірибе жинақтадым. Бүгінгі марапатты жеке өзімнің ғана емес, бірге еңбек еткен ұжымдастарымның да еңбегіне көрсетілген құрмет деп қабылдаймын. Еңбек адамы үшін ең үлкен мәртебе – атқарған жұмысының ел игілігіне жарағанын көру», - дейді Әбдіжамал Омаров.
Маңғыстау өндірісінің дамуына жылдар бойы үлес қосып келе жатқан маманның бұл марапаты - адал еңбек пен кәсіби жауапкершіліктің еленгенінің көрінісі.