Ақтауда тұрғындар инсульттің алдын алуға бағытталған тегін тексеруден өтті
OTPANNEWS.KZ. - Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күніне орай Ақтаудағы «Saya Park» сауда орталығында тұрғындарға арналған профилактикалық акция ұйымдастырылды, деп хабарлайды облыстық көпбейінді аурухананың баспасөз қызметі.
Іс-шара барысында 70-тен астам тұрғын невропатолог пен кардиолог дәрігерлердің тегін кеңесін алып, бас миының қан тамырларын ультрадыбыстық зерттеуден өткізді. Сондай-ақ қатысушылардың қанындағы қант мөлшері анықталып, бойы мен салмағы өлшенді.
Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың инсульт туралы ақпараттану деңгейін арттыру, аурудың алғашқы белгілері мен қауіпті салдарын түсіндіру, сондай-ақ оның алдын алу жолдары жөнінде кеңес беру.
Мамандардың айтуынша, инсульт – адам өміріне қауіп төндіретін және мүгедектікке әкелуі мүмкін ауыр аурулардың бірі. Соңғы жылдары бұл дерттің жас адамдар арасында да кездесуі алаңдаушылық туғызып отыр. Сондықтан инсульттің алдын алу шараларын сақтау және алғашқы белгілерін дер кезінде анықтау аса маңызды.
– Инсульт тек егде жастағы адамдарда кездесетін ауру емес. Бүгінде бұл дерт жастар арасында да тіркеліп жатыр. Сондықтан әр адам жасына қарамастан өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Қан қысымын, қандағы қант пен холестерин деңгейін бақылау, дұрыс тамақтану, дене белсенділігін арттыру және зиянды әдеттерден бас тарту инсульт қаупін төмендетуге көмектеседі. Әсіресе бет-әлпеттің қисаюы, қол-аяқтың кенеттен әлсіреуі немесе сөйлеудің бұзылуы сияқты белгілер байқалса, уақыт жоғалтпай жедел жәрдем шақыру қажет. Себебі инсульт кезінде әр минут маңызды, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы инсульт бөлімінің меңгерушісі Ильяс Кулымбаев.
Өз кезегінде тұрғындар тегін медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік жасаған медицина қызметкерлеріне алғысын білдіріп, профилактикалық акцияларды алдағы уақытта да тұрақты түрде ұйымдастыру жөнінде ұсынысын жеткізді.