Маңғыстау ауданында әлеуметтік-экономикалық дамудың оң серпіні байқалады
OTPANNEWS.KZ. – 18 қарашада облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай Маңғыстау ауданына жұмыс сапарымен барып, аудан тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары таныстырылып, алдағы жоспарлар мен тұрғындарды толғандырған мәселелер талқыланды. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиында аудан әкімі Ерғали Скендіров биыл атқарылған жұмыстар мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар туралы баяндады. Қазіргі таңда аудан халқының саны 33 мыңнан асады. Өнеркәсіп саласында биылғы 10 айда өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 28,7 пайыз өсім тіркелген.
Ауданның білім беру жүйесінде 21 мектеп пен 1 колледж жұмыс істейді. Робототехника, химия, биология, физика және STEM пәндеріне арналған кабинеттермен жабдықталған мектептердің үлесі 92%-ға жетті.
Ауданда медициналық нысандардың материалдық-техникалық жағдайын жақсарту үшін бірқатар жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жыл соңына дейін Қызан ауылындағы амбулатория ғимаратына ағымдағы жөндеу жүргізу жоспарланған.
Ауданның мәдениет саласында аудандық және ауылдық деңгейдегі 229 мекеме мен нысан бар. Ақшымырау, Шебір және Жыңғылды ауылдарындағы мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Сонымен қатар ауданда бірқатар маңызды құрылыс жобасы аяқталып, жаңа нысандардың құрылысы жалғасуда. Шетпе ауылындағы шағын отбасылық пәтер құрылысының монтаж жұмыстары және «Қызылқұм-Тұщықұдық» су құбырының 15 шақырымдық желісінің құрылысы аяқталды.
Қазіргі уақытта Шетпе кәріз жүйесінің екінші кезегінің құрылысы жалғасуда. Жоба Қосбұлақ, Қызылтұран, Орталық және басқа да шағын аудандарды қамтиды.
Шетпе ауылындағы Ащыбұлақ-1, Ащыбұлақ-2 және Жаңаорпа-2 шағын аудандарын сумен қамтамасыз ететін жаңа нысанның құрылысы аяқталды. Жоба үш шағын аудандағы 5 мыңнан астам тұрғынның ауыз суға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Құрылыс екі кезеңде жүргізілді. Нәтижесінде жалпы ұзындығы 61,8 шақырым су құбыры тартылып, сегіз ұңғыма қазылды. Сонымен қатар су қоймалары мен су айдау станциясы салынды. Қазіргі таңда нысан толық дайын, пайдалануға беру жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Шетпе ауылында күн панельдері электр станциясы іске қосылып, жаңа жұмыс орындары құрылды.
Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1 071,6 шақырымды құрайды. Жолдардың сапасын жақсарту, ауылішілік көшелерді жөндеу және тұрғындардың қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде.
Аудан экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мақсатында инвестициялық жобаларды іске асыруға басымдық берілуде. Қазіргі уақытта 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Кездесу барысында аудан тұрғындары жұмыспен қамту, білім беру ұйымдарының жағдайы, карьер, тұрғын үй, туризм, құрылыс және медицина салаларына қатысты өзекті мәселелерді көтерді.
Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныстар мен мәселелерді назарға алып, аудан әкімі мен жауапты басқарма басшыларына оларды заңнама аясында жедел шешу және орындалуын бақылауда ұстау жөнінде тапсырма берді.