Ауылдағы әр тұрғынды тануы тиіс: Аманкелді Досжанов учаскелік полицейлерге талапты күшейтті
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысының полиция департаменті аудан ауылдарындағы учаскелік инспекторлардың жұмысын қайта қарамақ. Атап айтқанда, Тұщықұдық пен Шебірдегі әкімшілік учаскелерді қайта бөлу мәселесі зерделенеді. Бұл туралы облыстық полиция департаментінің бастығы Аманкелді Досжанов ауданға жұмыс сапары кезінде мәлімдеді.
Департамент басшысы жұмыс кеңесінде ауылдық округтерге қызмет көрсететін инспекторлардың есебін жеке тыңдады. Олардың өз аумағындағы халық саны, тұрғындардың мәселелері, профилактикалық есепте тұрған азаматтар мен қылмыстық ахуал туралы толық мәлімет білуі керек екенін ескертті.
Учаскелік инспектор өзіне бекітілген аумақты ғана емес, сол жерде тұратын адамдарды, олардың мәселелері мен өтініштерін де жақсы білуі керек. Жұмысымыздың басты көрсеткіші – жасалған хаттамалардың саны емес, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қылмысқа жол бермеу. Біз құқық бұзушылық жасалғаннан кейін әрекет етпей, оның алдын алып, озық жұмыс істеуіміз қажет, – деді Аманкелді Досжанов.
Кеңесте алкоголь өнімдерін сататын орындарға бақылауды күшейту тапсырылды. Әсіресе жол бойындағы нысандарда, демалыс орындары мен қоғамдық тамақтану орындарында заң талаптарының сақталуы қадағалануы қажет. Себебі ішімдікке байланысты отбасылық жанжал, зорлық-зомбылық және жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі.
Алкогольдік ішімдіктер көбіне отбасылық жанжалдарға, зорлық-зомбылыққа, жол-көлік оқиғаларына және басқа да қылмыстарға себеп болады. Біздің міндетіміз – мұндай жағдайларға жол бермеу. Әрбір елді мекен полицияның тұрақты бақылауында болуы тиіс. Жолдарда мас жүргізушілер болмауы керек, ал тұрғындар тәуліктің кез келген уақытында өздерін қауіпсіз сезінуі қажет, – деді департамент басшысы.
Сайөтес, Жармыш және өзге де елді мекендерде профилактикалық шараларды күшейту, мас күйде көлік жүргізетіндерге жол бермеу міндеті қойылды.
Бұдан бөлек, полиция бөлімшелеріндегі бос орындарды толықтыру, тіркелген қару иелерін бақылау, есепте тұрған азаматтармен жұмысты жандандыру және қызметтік тәртіпті нығайту мәселелері қаралды. Инспекторлар цифрлық құралдар мен ақпараттық жүйелерді де жетік меңгеруі тиіс.
Облыстық полиция басшысы берілген тапсырмалардың орындалуын жыл соңына дейін қайта тексеретінін айтты.