«Бозащы Мұнай» ЖШС экологиялық рұқсатсыз жұмыс жүргізген
OTPANNEWS.KZ. - Маңғыстау облысында «Бозащы Мұнай» ЖШС қызметінде экологиялық заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды. Бұл туралы Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті хабарлады.
Маңғыстау облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының талабы негізінде кәсіпорынға қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілген.
Тексеру барысында Қаратұрын кен орнының Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі №R-11 ұңғымасын салу кезінде 212 тонна бұрғылау шламы түзілгені белгілі болды. Аталған қалдықтар 2025 жылғы 3–30 қаңтар аралығында «Eco-Tek» ЖШС-не тапсырылған. Алайда оларды жинақтауға арналған лимиттер экологиялық рұқсатта қарастырылмаған.
Сонымен қатар, ұңғыма құрылысы кезінде төрт стационарлық дизель генераторы пайдаланылып, 85 960 литр жанар-жағармай жұмсалған. Соның нәтижесінде атмосфераға 5,8293 тонна ластаушы зат шығарылған. Бірақ аталған шығарындылар көздеріне қатысты тиісті экологиялық рұқсат пен нормативтер болмаған.
Анықталған заңбұзушылықтарға байланысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1 және 6-бөліктері бойынша әкімшілік істер қозғалды.
Қазіргі уақытта аталған істер мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.