Қазақстанда 377 шақырым жылу желісі жаңартылады
Қазақстанда жылыту маусымы аяқталып, ауқымды жөндеу жұмыстарының кезеңі басталды. Энергетиктер тозған коммуникацияларды жаңартуға кірісті. ҚР Энергетика министрлігінің басты бағыты - жылу желілерін ауқымды реконструкциялау арқылы олардың тозу деңгейін төмендетіп, жылумен жабдықтаудың сенімділігін арттыру, деп хабарлайды otpannews.kz.
Бүгінгі таңда республика бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 13,4 мың шақырымды құрайды. Өткен жылы 323 шақырым жылу желісіне реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл көрсеткіш тозудың орташа деңгейін 52%-дан 50%-ға дейін төмендетуге және халықты жылумен қамтамасыз ету сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік берді.
Биыл 377 шақырым жылу желісін күрделі жөндеу және реконструкциялау жоспарланған. Жылу желілері қатты тозған Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары басты назарда.
Энергетикалық секторды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2026 жылға 130 шақырым жылу желісін реконструкциялау белгіленген. Бұл кешенді жұмыстар желілердің тозу деңгейін 48%-ға дейін азайтуға септігін тигізеді.
Жалпы алғанда, 2029 жылға дейін ұлттық жоба аясында еліміз бойынша 1,6 мың шақырым жылу желісін жаңарту көзделген. Бұл стратегиялық қадам жылу жүйесінің тозуын 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.