Қосбұлақта 1,4 км жол құрылысы жүргізіліп жатыр
Шетпе ауылының Қосбұлақ-2 шағынауданында ауылішілік автомобиль жолдарының құрылысы жүріп жатыр. Ұзындығы 1,4 шақырымды құрайтын жол құрылысы ауыл инфрақұрылымын дамытады. Аудан әкімі Ғалымжан Ниязов жұмыс басында болып, инфрақұрылымдық жобаның іске асу барысын тексерді, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Қазіргі уақытта «СК А-Строй монтаж» ЖШС мердігер мекемесі ұзындығы 1,4 шақырым болатын жолдың негізгі қабатын толық аяқтап, асфальт жабындысын төсеуге кірісті. Жобаның жалпы құны 486,4 млн теңгені құрайды.
Мұнда тек көлік жолы емес, тұрғындардың жайлылығы үшін 2 шақырым жаяу жүргіншілер жолы салынып жатыр. Жаңа жолдар шағын аудан ішіндегі қозғалысты реттеп, тұрғындардың қауіпсіздігін арттырмақ.
Ауыл инфрақұрылымын кешенді түрде жақсарту мақсатында Қосбұлақ-2 шағын ауданындағы жалпы ұзындығы 14,8 шақырымды құрайтын екінші кезеңнің жобасы да дайын. Бұл ауқымды жоба мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алып, алдағы уақытта жүзеге асырылмақ. Оның жалпы құны 6,1 млрд теңгеге бағаланған.
Нысан басында болған аудан басшысы жол сапасының маңыздылығына тоқталды. Ғалымжан Ниязов жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарын уақтылы әрі бекітілген стандарттарға сай орындау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.