Сайөтесте қымыз өндірісі дамып келеді
Елімізде отандық өнімге сұраныс жыл сайын артып келеді. Экономиканың тұрақтылығына үлес қосатын отандық өнімді өндірушілерге мемлекет тарапынан да қолдау бар. Өңірдегі мыңдаған кәсіптің ішінде Сайөтес ауылында қымыз дайындап шығаратын Мырзатай Қойшыбаевтың отбасылық кәсібі табысты жұмыс істеп тұр. Кәсіп иесі otpannews.kz сайтының тілшісіне қымыз өндірісі туралы аз-кем ақпарат берді.
Балалық шағы мал шаруашылығымен тығыз байланысты болған Мырзатай Қойшыбаев бұл сала таңсық емес дейді.
- Бала күнімде Қызан, Ақшымырау жақта тұрдық. Анам асыл тұқымды жылқы, түйе фермасын басқарды. Сол ортада түйе, жылқы сауды. Біз де осы мал шаруашылығын біліп, көріп өстік, - дейді Мырзатай Қойшыбаев.
Еңбекке ерте араласқан жас бригада да қой бағып, мал шаруашылығын жанына серік етті. Алматыдағы ауылшаруашылығы институтында оқып, агрономия факультетін тәмамдаған ол туған жеріне оралып, түрлі қызмет атқарды. Мектепте жұмыс істеп, ауылдық кеңесте хатшы болды. 2010-2012 жылдары Сайөтес ауылының әкімі қызметін де атқарды. Дегенмен мал шаруашылығы саласынан ажырамаған Мырзатай Қойшыбаев жылқы малын баптап, қымыз өндірумен айналысуға денсаулығы әсер еткенін айтады.
- Берігерек келген соң сырқаттанып қалдым. Сол кезде жылқының саумалын ішіп, шипасын көрдім. Содан бастап осы өнімге деген қызығушылық пайда болды. 2015 жылдан бері қымыз өндірумен айналысамыз, - дейді кәсіпкер.
Бүгінде тұрақты дамып келе жатқан отбасылық бизнесте 5-6 адам жұмыс істейді. Айына 4-5 мың литр қымыз өндіріледі.
- Қымызды өндіру үшін арнайы жылқы баптаймыз. Сауын биелеріміз бар. Табиғи өнім болғандықтан су қоспай дайындалады. Өңірдің орталығы Ақтауда дүкеніміз бар. Дайын өнімді жан-жаққа жібереміз. Маңғыстаудан бөлек Атырауға да жеткіземіз, - дейді ол.
Бұл кәсіпке мемлекеттік қолдаудың да тигізген пайдасы зор. Кәсіпкердің айтуынша, үкімет тарапынан берілген субсидиялар өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік беріп отыр.
- Жем-шөпке субсидия аламыз. Соның арқасында қымызды халыққа қолжетімді бағада ұсынып отырмыз. Қазір бір литрі 700-800 теңге шамасында, - деді Мырзатай Қойшыбаев.
Сондай-ақ, кәсіпкер мемлекеттік қолдаудың арқасында қымызды құюға арналған арнайы құты шығаратын аппарат сатып алған.
- Қымыздың дәмі мен сапасы тек сүтке емес, оны дайындау тәсіліне де байланысты. Сондықтан дәстүрлі әдістерді сақтауға тырысамыз. Күбілер арыш ағашынан жасалып, арнайы шөптермен ысталады. Жалпы мал бағу, одан дайын өнім шығару үлкен еңбекті талап ететін машақаты көп жұмыс. Осы орайда мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар екенін айта аламын. Біз қолдаудың арқасында баклажка жасап шығаратын арнайы аппарат алдық. Қазір барлық қажетті құралды өзімізден жасап шығаруға мән беріп отырмыз, - дейді Сайөтес ауылының кәсіпкері.
Алдағы уақытта Мырзатай Қойшыбаев кәсібін кеңейткісі келеді.
- Ауылшаруашылғы саласының өркендегенін қалаймыз. Өнімдерге де сұраныстың бар екені көріп отырмыз. Алдағы уақытта сиырдың сүтінен ірімшік, сарымай сияқты өнімдерді көп көлемде өндіруді қолға алғымыз келеді, - деді ол.
Өңірдің кәсіпкерлік басқармасы да әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілер үшін және «Бір ауыл – бір өнім» финалистеріне арналған бағдарлама аясында облыс әкімдігі тарапынан грант пен қолдау жеткілікті дейді.