Ақтаулық Шыңғысхан 6 тілде сөйлеп, сөздерді кері оқиды
Ақтауда туып 2 жаста әріп таныған, 5 жасында кез келген сөзді кері оқып, бүгінде 6 тілде еркін сөйлейтін Шыңғысхан Алматыда студент болып жүр. Бала күннен тіл әлеміне қызыққан бозбала үшін ең үлкен құндылық - отбасы, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Шыңғысхан Жандәулет – 18 жаста. Алматыдағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде аудармашы мамандығында білім алады.
Шыңғысхан 2 жаста әріп тани бастаған. Мектеп жасына жетпеген балақай оқумен қатар сөздерді кері оқып үйренген. Ол қазақ, орыс, ағылшын, испан, қытай және түрік тілдерін біледі. Осы тілдерде еркін сөйлеп, барлық сөзді кері оқи алады.
“Бұл әдісті маған ешкім үйреткен жоқ. Әкемнің айтуынша, мен 2 жаста әріп үйреніппін. Ал кері оқу процесі өзі басталды. Естіген сөздер миымда автоматты түрде кері оқылып тұрады. Бұл тек қазақ тіліндегі сөздерде емес, мен білетін әр тілдегі сөз солай”,- дейді Шыңғысхан.
6 тілде еркін сөйлейтін полиглот жігіт әлі бірнеше тіл үйренгісі келетінін айтады. Тілдермен қатар кері оқу машығы да жаттығып жатыр. Ерекше қабілетке ие жігіттің алдағы жоспары – оқуын жақсы аяқтап, үздік маман болу.
“Мен үшін басты құндылық – отбасы. Оқуды аяқтағасын Ақтауға ораламын деп жүрмін. Бірақ Алматы, Астана қалаларында жастарға мүмкіндік көп. Осындай мегаполисте жастық шағымды пайдаланып, білім алғым келеді. Тәжірибе жинап, үздік маман боламын. Бірақ түбі Ақтауға қайтамын. Себебі онда менің үйім, отбасым, ата-анам бар”,- дейді жас дарын Шыңғысхан Жандәулет.