Otpan News Logo

Алматбек Аманбек: «Чемпион болуға барымды саламын»

|
07.04.2026 19:58
Алматбек Аманбек: «Чемпион болуға барымды саламын»

Қырғызстан астанасы Бішкекте өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күресінен Алматбек Аманбек финалға шықты. Ұлттық құрама мүшесі 72 келіде қырғызстандық Амантұр Исмаиловты 3:1 есебімен жеңіп, шешуші сәтте үмітті толық ақтады.


Ол классикалық күрестен ҚР ұлттық құрамасынан финалға шыққан жалғыз балуан атанып отыр. Жауапты белдесуден кейін спортшымен otpannews.kz тілшісі арнайы Бішкекте сұхбаттасқан еді.


- Жартылай финалдағы белдесуім өте тартысты өтті. Бапкерлерім айтқан тактикалық амалды толық жүзеге асыра алдым деп есептеймін. Қарсыласым қырғыздың даңқты балуанымен күресім ойдағыдай өтті. Ертең финалдық белдесуде тактикамен жеңісті жұлып аламын деген ойдамын. Бұйырса, елге алтын медальмен ораламын.


- Кешегі белдесулерде құрама балуандары жаппай жеңіліп жатты. Жартылай финалда табандылық танытуыңа сол жағдай қаншалықты әсер етті?


- Жарыста бақ шаба ма, бап шаба ма дейді. Әркімнің жағдайы әртүрлі. Олар үшін ештеңе айта алмаймын. Кішігімде қателіктер болғаны рас. Жалпы, Азия чемпионатына барлығымыз тыңғылықты дайындықпен келдік. Қазақстан ұлттық құрамасы жүлде үшін өте дайын болды.


- Амантұр Исмаиловтың әлеуетін қалай бағалайсың?


- Өте жоғары бағалаймын. Физикалық және тактикалық тұрғыда да мықты балуан. Аллаға шүкір, бүгін жеңіс менің еншіме бұйырды.


- Қырғыз жанкүйерлерінің қарсыласыңды қиқулап қолдауы сізге кедергі келтірмеді ме?


- Оның барлығын өзіме қабылдадым. Эмоцияға бой алдырмай, салқынқандылық таныттым. Елімізде жарыстарда қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сезініп жүрмін. Қырғыз жанкүйерлері өте мықты. Күрес десе делебесі қозып, ішер асын жерге қояды. Бүгін де жұмысын тастап аренаға жиналып отыр. Бұл жағынан қазақтар да қалыспайды. Азия чемпионатына елден арнайы келген көрермендер бар.


Айта кететін жайт, Азия чемпионатында грек-рим күресінің алтауы жүлде үшін күресуге мүмкіндік алса, оның бесеуі қола жүлде үшін сынға түседі.

6
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!