Мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды
Мұғалімдердің пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды. Сүйінші жаңалықты Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Instagram парақшасында бөлісті, деп жазады otpannews.kz сайты kazinform.kz-ке сілтеме беріп.
— Құрметті ұстаздар! Сіздерге арналған сүйінші жаңалықты бөлісемін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен мұғалімдердің, ұстаздардың пәндік білімін бағалау тесті тоқтатылды. Өте жақсы. Менің ойымша Мемлекет басшысы сіздерге зор сенім артып, үлкен жанашырлық танытуда. Сондықтан баршаңызды құттықтаймын. Сәйкесінше хат Білім басқармаларына бүгін жолданды, — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Педагогтердің білімін бағалау тесті жұмыс істеп жүрген педагогтер, білім беру ұйымдарының басшылары, педагогикалық өтілі жоқ және педагогикалық қызметті қайта бастауды жоспарлап отырған тұлғалар үшін өткізіліп келді. Тестіленушілердің әр санаты үшін тиісті тестілеу форматы мен шекті балл белгіленген. Тестілеуден өткен педагогке тест нәтижелері бар сертификат берілетін. Ол бір жылға жарамды болды.