Otpan News Logo

Ақшұқыр ауылының кіреберісін қоқыс басқан

|
08.04.2026 17:21
Ақшұқыр ауылының кіреберісін қоқыс басқан

Ақшұқыр ауылының кіреберісінде тұрмыстық қатты қалдық пен құрылыстан шыққан қоқыс үйіліп қалған. Ауылға қоқысты үйіп тастайтын тұрғындардың бұл әрекеті бақыланып, құқықтық жауапкершілікке тартылса да бассыздық азаймай отыр. Ашық далада баланың жөргегінен бастап ескі киім-кешек, мал өлекселері мен шіріген тамақ қалдықтары да бар, деп хабарлайды otpannews.kz сайты. 


Ауыл әкімдігінің өкілдері баяндағандай, бұл аумақты қоқыстан тазарту бірнеше жылдан бері жалғасып келеді. Тұрғындардың өтінішімен ауыл арасына контейнерлер қойылса да далаға қоқыс тастау азаймады. Кейін Ақшұқыр жұрты конейнерлерді алып тастауды сұрапты. 


“Ауылдан қатты қалдықтарды шығарумен жақында ғана құрылған “Түпқараған тазалық” мекемесі айналысады. Ауыл тұрғындарының өтініші бойынша бір жыл бұрын қоқыс контейнерлерін алып тастадық. Сондықтан қазіргі таңда қоқыс шығару кестесі жасалды. Тұрғындар көшеге қоқыстарын шығарып, бір жерге жинайды. Ал техника бәрін тиеп, Баяндыдағы қоқыс полигонына апарады”,- дейді Ақшұқыр ауылы әкімінің орынбасары Шыңғыс Есенқосов. 


Ауылда 29 көше бар. Аптаның 6 күнінде осы көшелердегі қоқыс кезек-кезек шығарылады. 


Шыңғыс Есенқосовтың айтуынша, ауылда сенбілік маусымы басталды. Алдағы аптадағы жоспар бойынша осындай қоқыс үйінділері жиналған аумақтар тазартылады. 


“Тұрғындарға қоқысты далаға тастамау туралы үнемі ескертіп жүрміз. Сонда да бұндай әрекеттер тоқтамай тұр. Тіпті ауыл ішінде бақылауға алынып, айыппұл арқалағандар да бар. Бірақ адамдар тұрмыстық қалдықтарын ашық далаға тастап жүр”,- дейді ол. 


Жыл басынан бері қоқысты осындай ашық алаңға тастаған 335 тұрғын ӘҚБтК 505-бабы бойынша айыппұл арқалаған. 


Ауыл тұрғындары бұл қоқыстар жазды күні саситынын айтады. Ауылдастарының мұндай жағымсыз әрекеттерінен зардап шеккен Ақшұқыр жұрты тазалыққа шақырады. 


“Күндіз ұсталып қаламыз деп қорыққандар түн жамылып осы жаққа қоқыс тастайды. Арам өлген малдың өлекселері, үй қалдықтары, жөндеу жұмыстарынан шыққан материалдар мен қоқыстан көз ашпай келе жатырмыз. Адамдар неліктен бұлай жасайтынын түсінбей-ақ қойдым”,- дейді Ақшұқыр тұрғыны Бердібек Бүркіталиев. 
67
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!