Otpan News Logo

Экобелсенді: «Таза Қазақстан» акция емес, өмір салты болуы тиіс

Экобелсенді: «Таза Қазақстан» акция емес, өмір салты болуы тиіс

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында өңірде жаппай сенбілік ұйымдастырылып, жастар мен белсенділер, түрлі мекеме қызметкерлері қаланы қоқыстан тазалап келеді. Осы тұста otpannews.kz сайтының тілшісі табиғат жанашыры, «Эколидер»волонтерлық клубының жетекшісі Бақытгүл Жақсылықовамен сұқбаттасты.


 - «Таза Қазақстан» акциясы аясында өңірде қандай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр?


- «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы - бұл жай ғана тазалық шарасы емес, еліміздің экологиялық мәдениетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған ауқымды қозғалыс. Акцияның басты мақсаты - халық арасында «экологиялық жауапкершілік» дағдысын қалыптастыру. Акция аясында еліміздің әр өңірінде сенбілік өткізіліп жатыр. Оған қатысып жатқан жастардың қатары көп. Біз сияқты волонтерлық топтар да өз көмегін беруде. «Тазалық - адамның жүрегінен басталады» деген принципті әр азаматтың санасына сіңіру - біздің басты міндетіміз.


 - Көпшілікті «Қазақстан қашан нағыз таза елге айналады?» деген сұрақ мазалайды. Бұған сіздің жауабыңыз қандай?


- Егер әр адам өзінен кейін тұрмыстық қатты қалдықтарды көшеде, далада, қоғамдық орындарда тастамай, қайта өңдеуге жіберуді әдетке айналдыратын болса, Қазақстан ең таза ел болар еді. Бір жағынан, қоршаған орта ластанбай, ең бағалы табиғи ресурстар, энергия, уақыт үнемделеді. Бірреттік емес, көпреттік тұрмыстық заттарды қолдану - қазіргі замандағы экосауатты, экомәдениетті, ұрпағын ойлайтын ұлтжанды, патриот, иманы берік адамның әрекеті. Біз сенбілікке шыққанда үйінді-үйінді болып жатқан қоқыс қалдықтарын, құрылыстан қалған қалдықтар мен тұрғындардың ретсіз тастаған қоқыстарын сұрыптап жинаймыз. Қоқыс жинау, қоқысты тастау әдебіне адамдардың дағдыланбауы өте өкінішті. Мен үйде қоқыстарды сұрыптап жинауды әдетке айналдырдым. Барлығына осылай жасауға кеңес беремін.


- «Эколидер» клубының соңғы қатысқан сенбілігі туралы айтып берсеңіз.


- «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қаркөлде сенбілік жасадық. 40-қа жуық белсенді қатысты. Сенбілікке қатысқан жастардың ынтасы өте жақсы болды. Тек айналаны тазартып қана қоймай, қоқыстарды сұрыптап қаптарға жинадық. Оларды 5 топқа бөлдік. Бірі пластикалық бөтелке, бірі алюминий бөтелке және қақпақтар мен шыныны жинады. Тағы бір топ қайта өңдеуге жатпайтын қоқысты жинады. Жинаған қаптарды қала бойынша тазалыққа жауап беретін мекеме алып кетті. Шыны бөтелкені шыныдан кәсіп бастап отырған қызға жібердік. Ал қақпақты мектепке алып кетті. Бізде «Мейірім қақпақшалары» деген акция өтеді. Одан түскен қаражатты қайырымдылыққа жұмсаймыз. Жиналған алюминий мен шыны стеклолар арнайы эко-клубтарға жіберілді. Өлген құстардың денесін инспекторларға тапсырдық. Сауатты, дұрыс жасалған сенбілік осылай өту керек. Бұл қоршаған ортаға деген қамқорлық.


- Қаракөлден шығарылған қоқыстарды қайда тастадыңыздар?


- Жиналған қоқыстарды полигонға жібердік. Шыны керек жиналған қоқыс көп. «Эколидер» волонтерлық клубы Қаракөлді тазалау кезінде машина дөңгелегінің резеңкесі, үлкен-үлкен темірлерді жинады. Кейбірі ауыр болып, бірнеше адамның күші керек болды. Біз қоршаған ортаны тазартудан шаршамаймыз. Дегенмен әрбір адам өзіне жауапкершілік алып, кез келген жерге зиянды қалдықтарды тастамаса планетамыз таза күйінде қалар еді.

- Сенбілікке шыққан жастардың ынтасы қандай?


 - Ынтасы өте жақсы. Өйткені біз «Күш-бірлікте» деген ұранды ұстанамыз. Бір-бірімізге көмектесіп, шаруаны тез бітіруге тырысамыз. Қазіргі жастар үшін сенбілік - бұл жай ғана қоқыс жинау емес, табиғатқа деген құрмет. Өйткені олар өздері тұратын ортаның тазалығына тікелей жауапты екенін сезінеді.


- Табиғатты таза күйінде сақтау үшін жастарға қандай ақыл-кеңес бересіз?


-Алдымен көпреттік бұйымды қоданудан бастау керек. Бірреттік бұйымды көп қолдану қоқыстың көбеюіне алып келеді. Оны қайта өңдеу де көп энергия мен уақытты талап етеді. Жастарға берер кеңесім, планетаны бірге таза ұстайық. Бұл жастарға ғана айтылатын кеңес емес, орта буын, үлкен кісілер де қоқысты сұрыптауды үйреніп, үйден шыққан қалдықтарды далаға апарып төкпесе, біз сенбілік барысында осынша қоқысты таппас едік. Сондықтан алдымен өзімізден бастайық.


- Жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Сұқбатыңызға рахмет!

41
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!