Азия чемпионаты: Әйелдер күресінен қазақстандық екі балуан жартылай финалға шықты
Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия біріншілігінің үшінші жарыс күнінде Қазақстан әйелдер құрамасының екі балуаны біріншілікті сәтті бастады, деп otpannews.kz тілшісі арнайы Бішкектен хабарлайды.
Әйелдер күресінен өткен іріктеу бәсекесінде ұлттық құрамадан 5 балуан бозкілемге шықты. Оның ішінде тек Марал Тәңірбергенова (50) пен Гүлмарал Еркебаева (76 кг) жартылай финалға өтті.
Шұғыла ширек финалдық белдесуде Қытай Тайпейінің балуанын 9:2 есебімен жеңді. Енді ол жартылай финалдық кезеңде Токио Олимпиадасының чемпионы, жапониялық Юи Сусакимен шеберлік байқасады.
Ең жоғары салмақтағы Гүлмарал Еркебаева үндістандық Кажал Кажалмен тартысты белдесуде соңғы секундтарда ұпай алып, жеңіске жетті. Қазақ балуаны жартылай финалда Моңғолия спортшысы Даваанасан Энх Амармен кездеседі.
Дегенмен, бүгін белдесуге шыққан Шұғыла Өмірбек (55 кг) пен Виктория Кусаинова (59 кг) алғашқы айналымда үнді балуандарына қарсы тегеурінді қауқар таныта алмады. Ал Елена Шалыгина (68 кг) Жапония өкілінен 10:1 есебімен жеңілуге мәжбүр болды.
Айта кететін жайт, бүгін грек-рим күресінен Қазақстан балуандары 4 салмақта жүлде үшін бозкілемге шығады. Олардың арасында Алматбек Аманбек (72 кг) финалда Иран спортшысымен құрлық чемпионын анықтаса, Ербол Камалиев (60 кг), Ибрагим Магомадов (82 кг) және Ислам Евлоев (97 кг) қола жүлдені сарапқа салады.