Маңғыстауда сәулет-құрылыс қызметі саласындағы бақылау-қадағалау көрсеткіші артты
Маңғыстау облысында құрылыс қарқыны артып, өтініштер мен тексеріс жұмыстары күшейтілді. Сондай-ақ, құрылыс сапасы мен заңдылығына бақылау үздіксіз жүзеге асып келеді. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте өңірлік мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали айтты.
Спикердің айтуынша, elicense.kz платформасы арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы тапсырыс берушілерден келіп түскен 256 хабарлама қаралған. Сонымен қатар, 15 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, оның нәтижесінде 12 нұсқама берілген.
-Жыл басынан бері 23 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Сондай-ақ, құрылыс саласындағы лицензиялау және аккредитациялау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жобалау қызметіне, іздестіру қызметіне және құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия берілді. Бұдан бөлек, сәулет және құрылыс саласындағы жобаларды басқару ұйымдарын аккредиттеу және сарапшыларды аттестаттау бойынша 52 қызмет көрсетілді, - деді Дәурен Өтепқали.
Сонымен қатар, спикердің айтуынша облыс әкімдігіне қарасты бірқатар мемлекеттік мекемелерге жоспардан тыс тексерулер жүргізіліп, тиісті әкімшілік шаралар қабылданды. Атап айтқанда, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы, Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі қамтылды. Сонымен қатар, облыстық көлік прокуратурасы, ішкі аудит департаменті және тексеру комиссиясымен бірлескен тексерулер де жүзеге асырылды.
Брифинг барысында басқарма басшысы лицензия алушыларға қойылатын талаптарға да тоқталды.
-Лицензия иелері өздеріне қойылатын біліктілік талаптарына тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде сай болуы тиіс. Құрылыс нысандарын салу барысында барлық құрылыс нормалары мен технологиялық талаптарды қатаң сақтау қажет, - деді Дәурен Өтепқали.
Сонымен қатар, спикер Қазақстандағы құрылыс саласына арналған бірыңғай цифрлық ақпараттық жүйе – eQurylys порталының мүмкіндіктерін атап өтті. Оның айтуынша, бұл платформа құрылыс үдерісінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
-Портал арқылы барлық құжат айналымы электронды форматта жүргізіледі. Жұмыс журналдары цифрлық түрде толтырылады, актілер электронды қолтаңба арқылы бекітіледі. Сондай-ақ, техникалық және авторлық қадағалау онлайн режимде жүзеге асырылады. Бұл құрылыс сапасын арттырып, кемшіліктерді жедел анықтауға жол ашады, - деді Дәурен Өтепқали.
Айта кетейік, eQurylys жүйесі арқылы құрылысқа қатысты өтініш беру, рұқсат алу, аккредитациядан өту секілді мемлекеттік қызметтер толықтай электронды түрде көрсетіледі. Сонымен қатар, жүйеде құрылыс нысандары бойынша барлық ақпарат сақталып, жұмыс кезеңдері мен құжаттар толық тіркеледі.