Каспий теңізінде халықаралық есірткі арнасының жолы кесілді: 109 кг есірткі заты тәркіленді
АҚТАУ. OTPANNEWS.KZ – Каспий теңізінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті халықаралық есірткі арнасының жолын кесті. Операция барысында бес адам ұсталып, 109 келіге жуық есірткі заты тәркіленді.
ҰҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, 1 қарашада Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша ҰҚК департаментімен бірлесіп арнайы операция жүргізген.
Ұстау кезінде қайықпен қашуға әрекеттенген үш шетелдік азамат теңіз акваториясында ұсталды. Сонымен қатар жағалау аумағында Қазақстанның екі азаматы қолға түсті.
Операция нәтижесінде 22 келі апиын, 27 келі гашиш және 60 келі марихуана тәркіленді. Сондай-ақ шағын көлемді жүрдек катер алынған.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес тергеу барысы туралы өзге ақпарат жария етілмейді.
8
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев