Otpan News Logo

Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды

Бейнеу–Бозой–Шымкент газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды

OTPANNEWS.KZ. – Бейнеу–Бозой–Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Қазір инженерлік жобалау, қажетті жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Әлібек Жамауовпен кездесуінде белгілі болды.


Мемлекет басшысына ұлттық компанияның биылғы жұмысының қорытындысы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары таныстырды. Әлібек Жамауов елді табиғи газбен қамтамасыз ету, жылыту маусымына дайындық және ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы есеп берді.


Компания басшысының айтуынша, қуаты жылына 1 миллиард текше метр газ өңдеуге жететін Қашаған газ өңдеу зауытының құрылысы жалғасып жатыр. Өндіріс нысанын 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.


Бұдан бөлек, жылына 2,5 миллиард текше метр газ өңдейтін Қашаған және 5 миллиард текше метр газ өңдеуге қауқарлы Қарашығанақ газ өңдеу зауыттары жобалары бойынша EPC-мердігерлер анықталған.


Кездесуде геологиялық барлау жұмыстары да сөз болды. Президент тапсырмасына сәйкес, Шалқар, Саралжын, Малдыбай, Солтүстік-1, Солтүстік-2, Аққұдық және Придорожное учаскелерінде зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Сонымен қатар компания газбен жабдықтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізуде. Aqyl Energy бастамасы аясында газды есепке алу мен басқару үдерісін жасанды интеллект және деректерді талдау құралдары арқылы цифрландыру қолға алынған. Қазір 1,3 миллионнан астам газ есептегішін интеллектуалды құрылғыларға кезең-кезеңімен ауыстыру жұмыстары жүріп жатыр.


Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымында тұрғындар мен экономиканы газбен тұрақты қамтамасыз етуді және елдегі тауарлы газ қорын арттыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

18
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!