Елімізде ақпандағы көрсеткіш бойынша 138 мыңнан астам адам АӘК-пен қамтылды
2026 жылдың 1 ақпанындағы мәлімет бойынша, елімізде 138,1 мың адам атаулы әлеуметтік көмекпен (АӘК) қамтылды. Биыл мемлекет бұл мақсатқа бюджеттен 60 миллиард теңгеден астам қаражат бөлген, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, жыл басынан бері АӘК 25,8 мың отбасына тағайындалған. Төлемдердің жалпы сомасы 2,3 млрд теңгені құрады. Айта кетерлігі, 2026 жылы азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларына бюджеттен барлығы 62,7 млрд теңге қарастырылған.
Мемлекет табысы аз отбасылардағы мектеп жасына дейінгі балаларға ерекше көңіл бөлуде. Мәселен, 1 жастан 6 жасқа дейінгі әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беріледі. 1 ақпандағы жағдай бойынша, 42,4 мың балаға жалпы сомасы 270,4 млн теңге көлемінде көмек тағайындалған.
Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі миссиясы — отбасын қиын жағдайдан шығару. Бұл мақсатта келесі шаралар кешені жүзеге асырылуда:
Тоқсандық көмек: Табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарды қаржылай қолдау;
Жұмыспен қамту: Еңбекке қабілетті мүшелерді жұмысқа орналастыру,біліктілікті арттыру курстарына жіберу;
Кәсіпкерлікті қолдау: Өз ісін ашамын деушілерге мемлекеттік гранттар беру.
Қазіргі уақытта АӘК алу үшін құжаттарды өткізу процесі барынша жеңілдетілген. Азаматтар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталығына, ал ауылдық округтерде — ауыл әкіміне хабарласып немесе үйден шықпай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтініш бере алады.
Айта кетейік, АӘК тағайындау үшін отбасының орташа жан басына шаққандағы табысы өңірлік кедейлік шегінен аспауы тиіс.