Otpan News Logo

Ақтауда VIII халықаралық «Каспий ойындарының» салтанатты ашылу рәсімі өтті

|
05.10.2026 17:43
Ақтауда VIII халықаралық «Каспий ойындарының» салтанатты ашылу рәсімі өтті

OTPANNEWS.KZ.- Ақтауда Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындары студенттері арасында VIII халықаралық «Каспий ойындарының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстанның жоғары оқу орындарынан 16–25 жас аралығындағы студенттер қатысады, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.


Халықаралық студенттік спорт додасы биыл 5–9 қазан аралығында Yessenov University базасында ұйымдастырылуда.


Yessenov University-дің атқарушы вице-президенті Ермек Нұрмағанбеттің айтуынша, «Каспий ойындары» Каспий маңы елдері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығына мүше жоғары оқу орындарының білім алушыларын біріктіріп, студенттік спортты дамытуға, халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және жастар арасындағы достық байланысты арттыруға бағытталған.


-Биылғы жарыс бағдарламасына спорттың 10 түрі енгізілді. Атап айтқанда, жеңіл атлетика, волейбол, футзал, баскетбол, жүзу, каратэ-до, бокс, шахмат, киберспорт және самбо бойынша спортшылар бақ сынайды. Оның ішінде 400-ге жуық Әзірбайжан, Ресей, Иран , Түрікменістан және Қазақстанның спортшылары бақ сынасады. Аталған іс-шара біздің университетіміздің 50 жылдық мерейтой қарсаңында өтуде. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін, - деді Ермек Нұрмағанбет. 


Жарыс Yessenov University-дің спорт нысандарында және Ақтау қаласындағы бірқатар спорт кешендерінде өтеді. Іс-шара қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер жеке, командалық және жалпыкомандалық есеп бойынша анықталады. Үздік спортшылар дипломдармен және медальдармен, ал үздік командалар кубоктармен марапатталады.


«Каспий ойындарының» тарихы 2000 жылдан басталады. Осы жылдар ішінде халықаралық студенттік спорттық жарыс Астрахань, Атырау, Решт және Махачкала қалаларында ұйымдастырылған. 2024 жылы VII «Каспий ойындары» Астрахань қаласында өтсе, биыл халықаралық дода Қазақстанға қайта оралып, Ақтау қаласында жалғасын тапты.

10
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!