Белгілі журналист Бошалақ Жоламан дүниеден өтті
Журналист, ақын, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жоламан Бошалақ дүниеден өтті, деп хабарлайды otpannews.kz сайты.
Жоламан Ондыбайұлы Бошалақ 1943 жылы Атырау облысы Ембі ауданы Тұрғызба ауылында дүниеге келді. Ол журналистика саласында ұзақ жылдар еңбек етіп, Маңғыстау журналистикасының дамуына айрықша үлес қосты.
Әр жылдары Маңғыстау облыстық телерадиокомпаниясында, «Коммунистік жол», «Маңғыстау» газеттерінде, сондай-ақ «Егемен Қазақстан» газетінің облыстағы меншікті тілшісі қызметін атқарып, өңірдің тыныс-тіршілігін ақпарат кеңістігінде кеңінен насихаттады. Әсіресе, «Маңғыстау» газетіне басшылық еткен жылдары аймақ журналистикасының дамуына елеулі еңбек сіңірді.