Otpan News Logo

2027–2029 жылдарға арналған заң жобасы: 2027 жылы АЕК, ең төменгі жалақы және зейнетақы мөлшері қандай болады?

2027–2029 жылдарға арналған заң жобасы: 2027 жылы АЕК, ең төменгі жалақы және зейнетақы мөлшері қандай болады?
ашық дереккөзден

«Ашық НҚА» порталында Қаржы министрлігі әзірлеген «2027–2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы жарияланды. Заң жобасы 5 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауына ұсынылған, деп хабарлайды otpannews.kz.


Құжаттың 8-бабына сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап негізгі көрсеткіштердің мынадай мөлшері белгіленбек:


* ең төменгі жалақы – 85 000 теңге (өзгеріссіз қалады);

* айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 693 теңге (2026 жылы – 4 325 теңге);

* мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 38 622 теңге (2026 жылы – 35 596 теңге);

* ең төменгі зейнетақы – 74 919 теңге (2026 жылы – 69 049 теңге);

* базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін ең төменгі күнкөріс деңгейі – 55 173 теңге (2026 жылы – 50 851 теңге).


Заң жобасында 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен қызмет еткен жылдары үшін берілетін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін 8,5%-ға арттыру көзделген.


Сонымен қатар мемлекет тарапынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне аударылатын жарнаның мөлшерін арттыру ұсынылып отыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 2%-дан 2,2%-ға дейін ұлғайту жоспарланған.


Заң жобасына сәйкес, 2027 жылға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві 370 млрд теңге белгіленбек. Ал Қазақстан Республикасы Президентінің бастамаларына арналған резерв 470 млрд теңге болады. 


Аталған көрсеткіштер әзірге заң жобасында ұсынылған мөлшерлер. Құжат қоғамдық талқылаудан өтіп, кейін бекітілуі тиіс.

28
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!