Otpan News Logo

Ақтауда қазан айында UNICEF Caspian Ball қайырымдылық кеші өтеді

|
01.09.2026 10:00
Ақтауда қазан айында UNICEF Caspian Ball қайырымдылық кеші өтеді

БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Каспий жағалауындағы алғашқы қайырымдылық кеші - UNICEF Caspian Ball - The Sound of Heart жобасын таныстырды. Салтанатты кеш 2 қазанда Ақтаудағы Rixos Water World Aktau кешенінде өтеді. Іс-шарадан жиналған қаражат Батыс Қазақстан өңірлерінде инклюзивті мектепке дейінгі білім беруді дамытуға бағытталады, деп хабарлайды otpannews.kz.


Қоғамдық коммуникация орталығының мәліметінше, қайырымдылық кеші мүгедектігі бар және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған ортақ ізгі мақсат төңірегінде бизнес өкілдерін, мемлекеттік секторды, мәдениет қайраткерлерін және қоғам белсенділерін біріктіреді.


Жобаның таныстырылымына ЮНИСЕФ өкілдері, бизнес қауымдастығы және қоғам мүшелері қатысты. Іс-шара барысында ЮНИСЕФ пен «Rixos Water World Aktau» арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.


Биылғы қайырымдылық кешінің негізгі тақырыбы - инклюзия. Кеш барысында жиналған қаражатты «BIR ALAÑDA» - «Әртүрлі мүмкіндіктер. Бір алаң. Ортақ болашақ» бағдарламасын жүзеге асыруға бағыттау жоспарланып отыр. Бағдарлама инклюзивті мектепке дейінгі білім беруді нығайтуға және бейімделген дене шынықтыруды дамытуға бағытталған. Жоба Батыс Қазақстанның төрт өңірін - Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын қамтиды.


Жоба аясында 2 мың мектепке дейінгі ұйымдағы 164 мыңға дейін ерте жастағы баланы қамту, 10 мың тәрбиеші мен маманды даярлау, сондай-ақ 7 мың ата-анаға оқыту және консультациялық қолдау көрсету көзделген.



Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі - педагогтердің әртүрлі қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеу дағдыларын жетілдіру. Осы мақсатта қазақ және орыс тілдеріндегі оқу бағдарламаларын әзірлеу және бейімдеу, жаттықтырушыларды даярлау, мамандарды оқыту, тұрақты бейімделген дене шынықтыру сабақтарын енгізу және мектепке дейінгі ұйымдарға ресурстық қолдау көрсету жоспарланған.


ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы Өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвардың айтуынша, бағдарлама тиімді тәсілдерді қалыптастырып қана қоймай, оларды болашақта кеңінен қолдану үшін білім беру жүйесімен тығыз өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.


- Инклюзия арнайы бағдарламадан немесе құрал-жабдықтан басталмайды. Ол балаға деген көзқарастан, оның мүмкіндіктері шектеулерден әлдеқайда маңызды екеніне деген сенімнен және оның да қоғам өміріне еркін араласуға, тыңдалуға әрі қабылдануға құқығы бар екенін түсінуден басталады. Біз UNICEF Caspian Ball қайырымдылық кешінің әрбір баланың мүмкіндігін кеңейтіп, Қазақстандағы инклюзивті қоғамның дамуына үлес қосу сияқты ортақ мұрат төңірегінде адамдарды жұмылдыратын бастамаға айналғанын қалаймыз, - деді доктор Рашед Мұстафа Сарвар.


2 қазанда Rixos Water World Aktau кешенінде өтетін кештің бағдарламасында музыкалық қойылымдармен қатар қайырымдылық аукционы ұйымдастырылады. Аукционға өнер туындылары, тарихи және коллекциялық жәдігерлер, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің достары мен серіктестері ұсынған бірегей бұйымдар қойылады.


Кешті танымал актер әрі жүргізуші Жан Байжанбаев пен тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы жүргізеді. Кеш қонақтарына танымал әнші ALEM өнер көрсетеді.


БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ) әрбір баланың құқықтары мен әл-ауқатын қорғау және қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істейді. Ұйым серіктестерімен бірге балалардың құқықтарын жүзеге асыруға және олардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды әлемнің 190 елі мен аумағында іске асырады.

5
Комментарии
Комментарии
Нет комментариев
Соңғы жаңалықтардан хабардар бол!